Денсаулық сақтау министрлігі: Су тасқыны кезеңінде өңірлерде эпедимиологиялық жағдай тұрақты
Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері құтқарушылармен бірге үздіксіз жұмыс істеуде. Он өңірде медициналық көмек беру күшейтілген.
«Осынау қиын кезеңде жергілікті төтенше жағдай жарияланған он өңірде 3 мыңға жуық медицина қызметкері өздерінің ең маңызды миссиясын – азаматтарымызға медициналық көмек көрсетуді және олардың денсаулығын сақтауды жалғастырып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Су басқан аумақтарда 300-ге жуық жедел медициналық бригада жұмыс істеуде», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Дәрі-дәрмек жеткізу – министрлік бақылауында
Төтенше жағдай кезінде медициналық ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейді. Әрбір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Тұрғындар психологиялық көмек алу үшін мамандарға жүгіне алады. Санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін жүргізу үшін санитарлық-гигиеналық қызметтен 900-ге жуық маман жұмылдырылды. Денсаулық сақтау министрлігі он өңірде халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жүкті әйелдердің, балалар мен қарттардың жағдайына ерекше назар аударуда.
Аяғы ауыр 84 әйел қауіпсіз жерге орналасты
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның мәліметі бойынша, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пунктерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, әр баланың денсаулығын бақылауда ұстауда.
«Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. Мәселен, өткен тәулікте Атырау облысындағы Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 8 перзентхана мен 5 жүкті әйел толық мерзімде медициналық ұйымдарға эвакуацияланды. 39-40 апта мерзіміндегі жүкті әйелдердің бірі жедел медициналық жәрдем көлігінде тасымалдау кезінде босанған. Салмағы 3610 грамм, бойы 55 см қыз дүниеге келді. Қазіргі уақытта босанған әйел мен бала Бейнеу аудандық ауруханасында, олардың жағдайы қанағаттанарлық», – деді Әйгерім Оразалиева.
4 мыңнан астам су сынамасы зерттелді
Санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша су сынамалары зерттелуде. 4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Денсаулық министрлігі уақытша орналастыру нысандарына таза ауыз су жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін назарда ұстап отыр. Өңірлерде ауыз сумен жабдықтау сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері сумен жабдықтау нысандарын қадағалауды күшейтті.