Ресейлік «Лукойл» Kalamkas Khazar Operating компаниясының 50 пайыз үлесін 200 млн долларға сатып алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Лукойл» ККО-ның 50 пайыз үлесін сатып алды. Фото: kursiv.media

Ресейлік «Лукойл» ЖАҚ «ҚазМұнайГаздан» Kalamkas Khazar Operating  компаниясының 50% үлесін 200 млн долларға сатып алған. Бұл жайында ҚМГ-ның қаржы есебінде жазылған.

Аталмыш компания Каспий теңізі қайраңындағы «Қаламқас-Теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарында мұнай өндіру құқығына ие.

«2023 жылдың 21 қыркүйегінде «Лукойл» АҚ 200 миллион доллар көлемінде ақшалай өтемақы төледі (төлем күнінде 94,644 миллион теңгеге тең)», – делінген есепте.

Өз кезегінде ҚМГ бұрынғы еншілес кәсіпорнына 93,2 млрд теңге (шамамен 200 млн доллар) инвестиция салған.

Жоба операторы – «Қаламқас-Хазар Оперейтинг» компаниясының 2023 жылдың 1 қаңтарынан бақылауды жоғалтқан күнге дейінгі таза шығыны 233 миллион теңгені, қаржылық кірісі 7 миллион теңгені құрайды. Жалпы және әкімшілік шығындар 108 миллион теңгеге жетті. Активтері – 20,5 млрд теңге, міндеттемелері 6 млрд теңгені құрады.

Ұлттық компания мен «Лукойл» ЖАҚ сату-сатып алу туралы келісім-шартқа 2023 жылдың 9 ақпанында қол қойған. Қос тарап «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауындағы учаскені игеру жобасы бойынша келісімге келген болатын. Тараптар Үлескерлер келісіміне, Kalamkas-Khazar Operating ЖШС жарғылық капиталындағы 50% үлесті сатып алу-сату шартына және Үлескерлердің оператор қызметін қаржыландыру шарттарын келісті.

ККО былтыр қыркүйек айында қайта тіркеуден өтіп, ҚМГ-ның меншігінен толық шықты

Сондай-ақ жобаның белгілі бір шарттары орындалса (олар жария етілмеген) 100 миллион доллар көлемінде қосымша бонус төленбек.

Санкция мен шектеудің астында қалған ресейліктер ынтымақтастықты әлі де шектемеген елдердегі компанияларда өз үлесін арттыруға мүдделі. Қазақстанда «Лукойл» компаниясының «Жеңіс» және «Әл-Фараби» геологиялық барлау жобаларында бірлескер кәсіпорны, «Теңізде» – 5% және «Қарашығанақта» 13,5% үлесі бар.

«Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Жағаға дейінгі қашықтығы – 60 км, тереңдігі – 7-9 метр. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 3-4 млн тонна болады деп күтілуде. Кен орындарын игеру құны шамамен 5 миллиард долларды құрайды.

«Қаламқас-теңіз» кен орны 2002 жылы ашылған, ол Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 120 км жерде және «Хазар» кен орнына өте жақын орналасқан. «Қаламқас-теңіз» бен «Хазардың» жалпы қоры 67 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газға бағаланады. 

Сондай-ақ оқыңыз