Жаңалықтар

Тоқаев су тасқынына ұшырамаған облыс әкімдеріне аймақтарды көгалдандыру туралы тапсырма берді

Тоқаев облыс және қала әкімдеріне аймақтарды көгалдандыруға тапсырма берді / коллаж kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс және қала әкімдерімен байланысып оларға аймақтарды көгалдандыру бойынша тапсырмалар берген.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді», – делінген Ақорда хабарламасында.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, Тоқаев бұл тапсырманы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне берген. Дәлірек айтқанда, оларға көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырып, жолдарды ретке келтіру міндетін жүктеген.

Президент бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтіп, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болатынын айтқан.

Су басқан аймақ әкімдері есеп берді

Осыған дейін су басқан аймақ әкімдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріп, тасқынға байланысты жағдайдың бақылауда екенін баяндаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті», – деп хабарлады Ақорда.

Облыс әкімдері президентке өңірлердегі ахуал жайында, табиғи апатпен күресу және су тасқынының зардаптарын жою үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берген. Олардың сөзінше, су тасқынына қатысты жалпы жағдай жіті бақылауда, табиғи апатпен күресу үшін адам күші де, техника да жеткілікті.

Аймақтарды құтқару жұмыстары

Өңірлердегі су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі. Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағны, 1822 саяжай үйін су ьасқан. сонымен бірге әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат пен 155 автожолды су басқан. 72 284 адам, оның ішінде 17 217 бала құтқарылып, эвакуацияланған.

«Уақытша орналастыру пункттерінде 14 430 адам, оның ішінде 7 216 бала жеткізілді, 68 932 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды. «Жедел желі» телефондарына 1009 қоңырау келіп түсті. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеуде»,- делінген ТЖМ хабарламасында.