Канада жасанды интеллект технологиясын дамытуға 1,8 млрд доллар бөледі
Канада жасанды интеллект секторын дамытуға арнайы қорды іске қосып, жобаға 1,8 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, 7 сәуірде үкімет 2,4 млрд канадалық долларды (1,8 млрд АҚШ доллары) құрайтын жасанды интеллектіге қатысты жобалар пакетін жариялады. Жасанды интеллект зерттеушілерінің стартаптардың және басқа компаниялардың жұмысын жеделдетуге бағытталған технологиялық инфрақұрылымға 2 млрд канадалық доллар бағытталады.
Нақтырақ айтқанда, 1,47 млрд есептеу қуатын және басқа да инфрақұрылымды құруға, 147 млн ауыл шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау және өңдеу өнеркәсібі саласындағы стартаптарға, 73,5 млн компаниялардың өнімділігін арттыруға, 36,8 млн канадалық жасанды интеллект қауіпсіздік институтын құруға жұмсалады.
«Ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау сияқты салаларда жасанды интеллекті енгізуді жеделдету үшін қосымша қаржы бөлінеді. Бұл қаражат экономикамызды дамыта отырып, канадалықтар жақсы жалақы алатын жұмысқа ие болу үшін жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалануға көмектеседі», – деді премьер-министр Джастин Трюдо Канаданың Монреаль қаласында пайда болған жасанды интеллект орталықтарының бірінде.
Монреальдағы шара кезінде көптеген зерттеушілер «жасанды интеллект болашағы қатты алаңдатып отырғанын айтқан. Үкімет басшысы Канаданың жасанды интеллект қауіпсіздігі институтының ұсынысын құптаған.
Бұған қарамастан, Канада әлі жасанды интеллектіні реттейтін заң қабылдауы керек. Жасанды интеллект және деректер туралы заң жобасы 2022 жылы жасалған. Алайда ол әлі де парламент қарауында жатыр.
Үкіметтің мәліметінше, өткен жылғы жағдай бойынша Канадада 140 000-нан астам жасанды интеллект мамандары болған. 2022 жылы Канададағы барлық венчурлық қызметтің шамамен 30% немесе шамамен 8,6 млрд канадалық доллар жасанды интеллектпен байланысты болған.
Қазақстанда жасанды интеллект
Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер жасалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай бастама көтерді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру қажет екенін айтқан еді.
«Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда, бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді», – деді Мемлекет басшысы.