Жаңалықтар

Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын

Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін айтты / ТЖМ

Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Ведомство ресми сайтында 7 сәуір күні ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстан халқына көңіл айту хаты жария болды. Түркия Қазақстанға кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өткен. 

«Біз Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жойқын су тасқыны байланысты қатты қайғырамыз. Су тасқыны ауыр зардаптарға әкеліп соқты. Он мыңдаған қазақстандық бауырларымызды эвакуациялауға мәжбүр етті. Біз Қазақстан халқына және Үкіметіне көңіл айтамыз. Түркия табиғи апаттан зардап шеккен халыққа қажетті кез келген көмекті көрсетуге дайын», – делінген СІМ мәлімдемесінде.

Осыған дейін Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.

Бүгіндері  10 облыста – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режимі сақталып отыр. Қазір жалпы еліміз бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.