Жаңалықтар

15 сәуірден бастап Алматыда жылу кезең- кезеңмен өшіріледі: жылыту маусымына 30 млрд теңге жұмсалған

отопление
15 сәуірден бастап Алматыда жылу кезең-кезеңмен өшіріледі / shutterstock

15 сәуірден бастап Алматы қаласында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде жылу кезең-кезеңмен өшірілетін болады.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы жылыту маусымына дайындық  аясында Алматы қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламасы бойынша («АлТС» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «АТЭС» ЖШС) және жергілікті бюджет есебінен 30 млрд теңге бөлінген.

2024-2025 жылдарға жылыту маусымына дайындыққа 35 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы қосымша 32 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаевтың  сөзінше, қалада ауаның орташа тәуліктік температурасының +8⁰ және одан жоғары болуына байланысты жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданған.

«Жылуды өшіру 15 сәуірден басталады. Келесі тәртіппен кезең-кезеңмен өшіріледі: алдымен әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, мәдениет объектілері және басқалар, содан кейін тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар», – делінген әкімшілік хабарламасында.

Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаев өткізген кеңесте инфрақұрылымның тозуын азайту жөніндегі инвестициялық бағдарламаның маңыздылығы атап өтілген. 2024 басында 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан тозған желілердің ұзындығы желілердің барлық ұзындығынан 802,6 км немесе 57,9%-ды құрайды. Биыл 20 км жылу желілері қайта жаңартылады.

Жыл соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2024 жылы Қазақстанда коммуналдық тарифтер 15-30 пайыз қымбаттайды деп мәлім еткен.

«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30 пайыз көтеріледі» , – деді министр.

2023 жылы жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттаған. Ол кезде ұлттық экономика министрі осы саладағы мамандардың жалақысын көтеру үшін тариф қымбаттайды деген еді. Өйткені айлығы аз болған соң, білікті мамандар басқа салаға кетіп жатыр деген болатын

Сондай-ақ Алматы қалалық мәслихаты коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті. Сөйтіп халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшерін белгілеген

​Қағида Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке тарифтердің өсуіне байланысты әзірленген.

«Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын 315 430 азамат тұрады, оның ішінде: жасы бойынша 237 740 зейнеткер, 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы, мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы, ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам бар»,– делінген баспасөз хабарламасында.

​Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы ХӘОТ өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі.