Bloomberg Economics 2028 жылға қарай Үндістан экономикасы 9%-ға дейін өседі. Ал бұл ретте Қытай экономикасының даму қарқыны 3,5%-ға дейін баяулайды деп болжайды. Егер осы қарқын сақталса, Үндістан 2030 жылға қарай жаһандық экономикаға қосқан үлесі бойынша Қытайды басып озады.
Осы тұста Халықаралық валюта қоры пессимистік сценарий ұсынды.
«Делидің экономикалық өсімі алдағы бес жылда 6,5%-дан төмен болады. Бірақ соған қарамастан, Үндістан 2037 жылы Қытайды басып озуы мүмкін», – деп жазылған зерттеуде.
Үндістан Қытайдан қалай озады?
1970 жылдардағы реформалар Қытай экономикасын әлемге танытты. Содан бастап Қытайдың экономикалық өсімі жылына орта есеппен 10%-ды құрады. Бұл Бейжіңді шетелдік капитал үшін тартымды етті.
Бірақ Bloomberg ақпаратына сүйенсек, жылжымайтын мүлік дағдарысы, жеткізу тізбегіндегі проблемалар және технологияға қол жеткізу салдарынан Қытайдың «көшбасшылық» кезеңі артта қалды.
Үндістан бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Делидің қор нарығы қарқынды дамып келеді. Елге шетелдік инвестиция құйылды және шет елдер 1,4 миллиард адамдық жаңа нарықпен жаңа сауда келісімдеріне қол қоюға кезекке тұра бастады. Премьер-министр Нарендра Моди экономикалық өсуді өзінің сайлауалды науқанының басты тақырыбына айналдырды. Оның партиясы бірнеше аптадан кейін өтетін сайлауда жеңіске жетуі мүмкін.
Алға қойған мақсаттарына жету үшін Үндістан төрт негізгі мәселені шешуі керек. Олар инфрақұрылымды дамыту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, урбанизацияны жеделдету және жаңа зауыттар салу.
Нойда немесе екінші Шэньчжэнь
Осылайша, Нью-Делидің оңтүстік-шығысындағы Нойда атты жаңа қалашық бой көтерді. Ол Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь аудандарына ұқсайды. Онда жаңа электроника зауыттары ашыла бастады.
Үндістандық Dixon Technologies Ltd. мұнда ұялы телефон құрастыру зауытын салды. Пандемиядан кейін компания қызметкерлері 9 мыңнан 26 мың адамға дейін өсті. Қытайлық Xiaomi смартфон өндірушісі мен Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниялары Үндістанның өсіп келе жатқан орта табына бағытталған өз өнімдерін шығару үшін осы зауыттарды пайдаланбақ.
«Қытайда мыңдаған адамдар бір кампуста жұмыс істейтін және сол кампуста тұратын ірі мегазауыттарды көріп үйренгенбіз. Біз мұны Үндістанда да жасауға тырысамыз», – деді компания төрағасы Сунил Вачани.
Нарендра Моди өндірушілерді айтарлықтай ынталандыру – салықты азайту, жеңілдіктер және капиталды бөлу арқылы тартуға тырысады. Бұл стратегия Үндістандағы өндірісін арттырған Apple және Samsung Electronics сияқты компанияларға табыс әкелді.
Үндістан өзінің инфрақұрылымын қалай дамытып жатыр
2023 жылы елдің ең ірі әуе компаниялары IndiGo және Air India Airbus және Boeing компанияларымен 970 ұшақты жеткізу бойынша рекордтық келісімшарттарға қол қойды. Сонымен қатар, Үндістанның жаңа Akasa әуе компаниясы да осы жылдың басында 150 ұшаққа тапсырыс берді.
Қаңтарда Boeing Үндістанның оңтүстігіндегі Бангалор қаласында жаңа инженерлік орталық ашты. Ол компанияға 200 миллион долларды құрайды және оның Америка Құрама Штаттарынан тысқары жерлердегі ең үлкен инвестициясы болады. Ол сондай-ақ алдағы онжылдықта инфрақұрылым мен ұшқыштарды оқытуға 100 миллион доллар жұмсауға уәде берді.
«Экономистер инфрақұрылым Үндістанның дамуын жеделдететін негізгі фактор деп санайды. Мәселен, өткен жылы елде 148-ге жуық әуежай болса, бұл Қытайдағыдан 100 әуежайға аз. Келесі жылға дейін олардың санын 220-ға жеткізу жоспарлануда», – деп хабарлады басылым.
Бес жыл ішінде мемлекеттің инфрақұрылымға жұмсаған шығындары 2025 жылы 132 миллиард долларға дейін үш есеге өседі. Жалпы алғанда, үкімет 2030 жылға қарай теміржол көлігін, автомобиль жолдарын, порттар мен су жолдарын жақсартуға 1,7 триллион доллар жұмсайды.
Сонымен бірге ресми Дели бидай мен күріш экспортына тыйым салу арқылы инфляцияны төмендетуге ұмтылуда. Бұған дейін ол отандық өндірісті ынталандыру үшін шамамен 32,4 миллиард долларды құрайтын мемлекеттік бағдарламаларды іске қосты. Ккомпаниялар салық жеңілдіктеріне ие болды, жерді жалға алу мөлшерлемесін төмендетті және зауыттар ашу үшін капитал алды.
Үндістанда жұмыс тапшы
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, Үндістанда жұмыспен қамту деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі. мәселен, 2022 жылығы көрсеткіш 55,4%. Қытайда ол 76%. Әйелдер үшін бұл көрсеткіш одан да төмен. Еңбекке жарамды жастағы үндістандық әйелдердің үштен бірінен азы ғана жұмыс істейді.
Үндістан халқының 36%-ы ғана қалаларда тұрады. Ал Қытайда бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Бұл айырмашылықты жою үшін ондаған жылдар бойы урбанизация қажет.
Үндістанның ЖІӨ өсімі туралы барлық оптимизмге қарамастан, елдің экономикасы 3,5 триллион доллар шамасында. Ал Қытайда көрсеткіш 17,8 триллион доллардан асады.
Еске сала кетсек, Үндістан Қытайды басып озып, әлемдегі халық ең көп қоныстанған ел болды.