БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасыға 185 мың теңгеден бір реттік төлем берілген

Жарияланды
бір реттік төлем
БҚО-да су тасқанынан зардап шеккен отбасыларға 89 млн теңге көлемінде бір реттік көмек берілген / Фото: ТЖМ

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысындағы 481 отбасыға 89 млн теңге көлемінде бір реттік төлем берілген. Бұл жайлы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Өңірдегі жағдайға тоқталған министр су тасқыны басталғаннан бері Батыс Қазақстан облысының 3700-ге жуық тұрғыны эвакуациялық орталықтарға орналастырылғанын айтты. Бүгінде 2700-ге жуық адам үйлеріне оралған. Қалған 1000-нан астам адам 13 эвакуация пунктіне орналасқан.

«Олар азық-түлікпен әрі қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Қажет болған жағдайда өңірде 30 мыңнан астам орынға эвакуациялық пункттер дайындалды. Облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңге теңгеге бір реттік төлемдер жасалды. Алдағы уақытта төлемдер жалғасатын болады»,- деді министр.

Байбазаров су тасқынының екінші кезеңі басталуы мүмкін екенін ескертті. Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге көтерілген. Осы орайда Орал қаласы мен өзен бойына орналасқан аудандарға қауіп төніп тұр.

«Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе – су тасқынының екінші кезеңі. Кеше Ресей федерациясының Ириклинск су қоймасынан секундына 2170 текше метр су келіп жатса, бүгін бұл көрсеткіш секундына 1670 текше метрге дейін түсті. Соған қарамастан, жағдай күрделі. Орал қаласы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге дейін көтерілді. Бұл тек Орал қаласына ғана емес, Өзен бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 94 елді мекеніне қауіп төндіреді. Облыста су тасқынының зардаптарын азайту үшін қажетті ресурстар жұмылдырылды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің жағалауындағы ең қауіпті 6 учаскеде, ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынуда. Басқа аудандарда да қауіпсіздік шаралары атқарылуда. Жалпы су тасқыны бойынша ахуал жедел штабтың тұрақты бақылауында»,- деді министр.

Сөз соңында 89 млн теңгені 481 отбасына бөлейік. Сонда әр отбасыға бөлінген төлем сомасы 185 мың теңге көлеміндегі шығады. Бұл орайда отбасылардағы адам санын да ескеру керек. Онда бұл төлемнің жан басына шаққандағы сомасы әлдеқайда азая түсері анық.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ол ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын айтты. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін Президент шұғыл түрде нақты тапсырмалар бергенін, қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

7 сәуір күні Мемлекеттік материалдық резер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов мелекеттік материалдық резервтен су асқан облыстарға 1 млрд 474 млн теңгенің көмегі көрсетілгенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз