Қазақстанда «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылады. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің қаулысында жазылған.
«Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылсын», – делінген қаулыда.
Құжатта мекеменің жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысатыны айтылған. Сонымен бірге бұл компания деректер қорын және гидрогеология және геофильтрациялық модельдер, цифрлық және картографиялық деректер қоры саласындағы тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді және жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, оларды басқару жүйелерін құруға тиіс.
«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Су ресурстары және ирригация министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен компания жарғысын бекітуі керек.
Сонымен бірге басқару органдары құрылғанға дейiн коммерциялық емес акционерлік қоғам атынан мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарға қол қою, қаржы-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру және үшiншi тұлғалардың алдында оның мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi тұлғаны сайлауы керек болады.
Мекеме әділет органдарында мемлекеттік тіркеліп, оның акцияларының мемлекеттік пакетіне меншік және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы және ирригация министрлігіне беріледі.
Қаулы оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетсек, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су басқан өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ екенін айтты.
«Бірқатар өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару, оның ішінде БҚО-да мамандандырылған коммуналдық ұйымдар жоқ»,- деді министр.
Осыған орай Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне үш ай мерзімде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйым құру тапсырылды.