Президент Шарлапаевқа апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды

Жарияланды (жаңартылды )
су тасқынан зардап
Су тасқынан қираған үйлерді қалпына келтіру жақын арада басталады / Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Президентпен кездесу барысында Қанат Шарлапаев өнеркәсіптік даму, геология, жер қойнауын пайдалану және құрылыс салаларындағы жұмыстың нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндаған.

Министрдің мәлімдеуінше биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,4 пайызды құраған. Өндіріс көлемін ұлғайтуда машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп сияқты салалардың үлесі зор. Осы орайда жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның арқасында 17,8 мың жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Ал құрылыс саласы бойынша, былтыр 157 мың тұрғын үй салынған. Биыл 172 мың тұрғын үй салу көзделіп отыр. Сондай-ақ жалға берілетін 22 мың тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттен 300 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. «Отбасы банкі» арқылы қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңгені құрайтын бағдарлама іске қосылатынын айтқан министр осының негізінде ел азаматтарына 12 мың ипотекалық займ беруге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Ал су басқан өңірлерде қазіргі уақытта жаңа тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты.

«2024 жылдың екі айының қорытындысы бойынша ең үлкен өсім метталлургия, химия және машина жасау салаларында байқалады. Біздің басты мақсатымыз экономика өсімін 6 пайызға жеткізу. Инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Қазіргі таңда әлемнің ең ірі тау-кен компаниялары елімізге қызығушылық танытуда»,- деді минстр.

Өз кезегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды.

Министр қысқа мерзімде тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданатынын айтты.

Су тасқынына қатысты өңірлердегі ахуалға тоқтала кетсек, ТЖМ хабарлауынша, 7 облыстағы 3 745 үй су астында қалған. ТЖМ өкілі Ерасыл Сайпаштың айтуынша, су тасқыны басталғалы 75 982 адам құтқарылған. Оның 18 681-і бала. Комитет өкілінің дерегінше, тәулік бойы авариялық құтқару жұмыстарына 16375 адам, тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз