Жаңалықтар

Энергетика министрлігі Ресейдің Қазақстаннан 100 000 тонна бензин қорын дайындауды сұрағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

kursiv.media

Ресей Қазақстанға 100 000 тонна қосымша бензин қорын жасақтауды ұсынған. Бензинге сұраныс туындаған жағдайда көрші елге жедел жеткізу үшін осы қор көмектеседі деп есептелінген. Бұл жөнінде Reutres агенттігіне сілтеме жасап ресейлік lenta.ru сайты хабарлады. Бірақ ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов мұның фейк ақпарат екенін, Ресейден ҚР Энергетика министрлігіне бұған қатысты сұраныс жолдамағанын мәлімдеді.

Жаңағы ақпаратқа сүйенсек, Ресеймен бензин қорын пайдалану бойынша келісім жасақталған. Бұл сұраныс ресейлік мұнай өңдеуші зауыттардың жоспардан тыс жөндеу жүргізілуіне байланысты туындаған. Зауыт бөлшектері Батыстан сатып алған соң, жарамсыз болып қалудан және ұшқышсыз ұшақтардың шабуылы себебінен істен шығуда.

Ресейдегі зауыттар дағдаруда

Төменгі Новгородтағы «Лукойл» зауыты крекинг қондырғысы үшін қосымша бөлшек таба алмай отырғандарын хабарлаған. Бұл қондырғы ауыр көмірсутектерді өңдеу үшін қолданылған. Қаңтардан бері жабдықтағы ақау салдарынан кәсіпорын бензин өндірісін 40%-ға қысқартқан. Мұнай өңдейтін зауыттың қарқын алуына Украинамен қақтығыс салдарынан салынған санкциялар кедергі болуда. Оған қоса қондырғыны жөндейтін маман табу да оңай емес. Ресейдегі ірі МӨЗ-дерге жергілікті жерден және Батыстан шығатын жабдықтар қажет.

Биыл Ресей Белоруссиядан сатып алатын бензин көлемін бес есеге ұлғайтқан. Мәселен, ақпан айында 590 тонна бензин сатып алса, наурыздағы сұраныс 3 мың тонна жанармай сатып алған. Росстат мәліметі бойынша 18-24 наурыз аралығында бензин өндіру көрсеткіші 7,4%-ға төмендеген.

Министрлік бензин қоры жеткілікті екенін хабарлады

Жуырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев егер РФ мұнай өнімдерін сатып алуды доғарса, дизель отыны 2 айға, бензин қоры 1,5 айға жететінін мәлімдеді. Былтыр елімізге 601 мың тонна АИ-95 маркалы бензин импортталған. 2022 жылғы жағдаймен салыстырғанда, импорт көлемі 101 есе артқан. Қазақстанда Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты, Маңғыстау облысындағы МАЭК қондырғыларды жөндеу үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл тоқырау ішкі нарықта бензинге сұранысты арттырды.

Былтыр Энергетика министрлігі Ресеймен 110 мың тонна мұнай өнімін экспорттау үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан-Ресей шекарасында 13 650 литр жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 103 дерегін анықтап, жолын кесті. Қазақстан-өзбек шекарасында 11 135 литр жанар-жағармайды заңсыз шекара асыруға 68 әрекет жасалынды. 3,7 млн теңге айыппұл өндірілді.​