Жайық өзенінің бойындағы үйлер мен саяжайларда тұратын халық өзеннің арнасынан шығуына байланысты эвакуацияланады. Бұл туралы кезекті әуеден барлаудан кейін облыста жүрген Премьер-Министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.
«2024 жылғы 8 сәуірдегі жағдай бойынша өзендегі су деңгейі 703 см-ге жетті және әлі де көтерілуде. Былтырғы максимум 557 см болған. Су Ресей Федерациясы тарапынан тасқынға байланысты Ирикла мен Приузен су қоймаларынан қарқынмен жіберіліп жатыр. Эвакуациялық пункттер азаматтарды қабылдауға дайын», — деді Нұрлан Байбазаров.
Жайық өзенінің жағалауын нығайту және Орал қаласы мен облыстың төрт ауданында дамбалар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Даринск, Байқоңыс, Озерный, Володар, Январцево, Ақсу, Рубежинское және т. б. ауылдардың маңында уақытша дамбалар салынады.
Қала басшылығы тұрғындардан әкімдік өкілдері мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұрайды. Толық эвакуациядан кейін қажет болған жағдайда газ, су және электр қуаты өшіріледі. Эвакуацияланған аудандардағы құқықтық тәртіпті жергілікті полиция қызметі мен ТЖД қамтамасыз етеді.
Су тасқыны басталғалы өңірде 581 үй суға кетсе, 245 аулаға су кірді. Одан бөлек саяжай аумағында орналасқан 427 үй су астында қалды. 71 автожол учаскесін су бұзып, 60 учаскені су шайды. Қазіргі таңда тоғыз елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Оның алтауы – жергілікті маңызы бар жолдар. Күні бүгінге дейін 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Олардың ішінде 3665 бала бар. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев мәлімдеді. Оның айтуынша, уақытша орналастыру пунктерінде 1455 адам бар. 9 мыңға жуық адам сиятын 161 уақытша орналастыру пункті дайын.
– Су тасқыны басталғалы облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен су тасқынын жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Осыған ұқсас штабтар Орал қаласы мен өңір аудандарында да құрылды. Су тасқыны салдарын жоюға 4251 адам, 954 техника, 100-ге жуық жүзу құралы, 332 су сорғыш, 2 әуе кемесі жұмылдырылды, – деді Қ. Қарабалаев.
Қазіргі уақытта Жайық және Шаған өзендерінің деңгейі көтерілуде. Сондай-ақ Деркөл өзені бойында ойпаң жерде тұрған саяжайлар мен үйлерді су басу қаупі бар. Жергілікті атқарушы құрылымдар мен төтеншелік, еріктілер бірлесіп, инженерлік техника тарта отырып, қапшықтарды дайындау және төсеу, халықты эвакуациялау жұмысы жүріп жатыр. Қала маңындағы 3 учаске бойынша жағалау нығайтылуда. ҚР ТЖМ АМО қызметкерлері медициналық және психологиялық көмек көрсетуде.
– Бөрлі ауданының аумағындағы Елек және Жайық өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Өспен, Қарашығанақ, Димитров, Жаңаталап, Жарсуат елді мекендерін су басу қаупі төніп тұр. Димитров және Қарашығанақ елді мекендерінен 25 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар өз бетінше қоныс аударып, туыстарына орналасты, – деді ведомство өкілі.
5 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайындалып жатқаны белгілі болған. Ресей Федерациясынан басталатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтеріліп, елеулі қауіп төндіруде. Су тасқыны басталғалы Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы су деңгейі 676 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей – 850 сантиметр.