Еңбек министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге министрліктің өтемақы төлейтіні туралы ақпаратты жоққа шығарды
Еңбек министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленетіні туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство бұл мәселемен айналыспайтынын мәлімдеді.
«Еңбек министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлемдерін жүзеге асыратыны туралы әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған ақпарат таратылуда. Белгісіз тұлғалар төлемдерді алу үшін «Толығырақ» батырмасын басуды немесе сілтемеге өтуді ұсынады. Хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтардың азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін ешбір жағдайда сілтемеге өтпеуге кеңес береміз», – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жергілікті атқарушы органдар біржолғы төлем түрінде көмек көрсетеді. Олардың мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялардың шешімі бойынша жеке-жеке белгіленбек.
«Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», – делінген министрлік ақпаратында.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындары өтелетінін мәлімдеген еді. Президент Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен телефон арқылы сөйлесті.
Президент облыстағы су тасқыны жағдайын бақылауда ұстап отыр. Су басу қаупін сейілту үшін барлық шара қабылданып жатыр. Бұл жұмыстар одан әрі күшейтіледі.
Үкімет қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді, сондай-ақ материалдық шығындар өтеледі. Облыс әкімі Серік Шәпкеновпен сөйлесу барысында Президент ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.
Мелекеттік материалдық резервтен облыстарға қанша қаржы бөлінеді?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін мемлекеттік материалдық резервтен 15 мың 400 адамға апатты жағдайда қажет болатын жабдықтар бөлінді. 51 арнайы және автомобиль техникасы (экскаваторлар, вахталық автомобиль, балшық сорғылары, автосамосвалдар) іске қосылды, шатырлар мен төсек-орын жабдықтар жеткізілді.
Резерв есебінен бүгінге дейін 1 млрд 474 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл жөнінде ОКҚ-ның ақпарат алаңында мемлекеттік материалдық резер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов хабарлады.
«Бұдан басқа Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін осы өңірлердің әкімдіктері мемлекеттік материалдық резервтен қажетті тауарларды шығаруды қарастыруда. Мемлекеттік материалдық резерв қоры төтенше жағдайды жою үшін жаңа, заманауи тауарлармен жабдықталған.
Тасқыннан зардап шеккендер несие қарызын кейін төлей алады
Айта кетейік, Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегереді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:
– 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;
– 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;
– Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.