СҚО-да Сергеев су қоймасы 180%-ға толды. Қостанай мен Ақмола облыстарының қазіргі ахуалы қандай?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
су қоймасы
Қостанай облысындағы су қоймасы да 99 %-ға толды / Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы 180%-ға толды. Ондағы судың ернеуінен асып төгілуі 415 сантиметрге жетті.

Орталық коммуникациялар алаңында СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов өңірдегі ахуалды баяндады. Оның айтуынша өңірде соңғы рет ауқымды су тасқыны 2017 жылы тіркелген, ол уақытта бөген суы 338 сантиметрге асып төгілген.

«Бұл 3 аудан мен Петропавл қаласында су басу қаупін тудырады. Су басу аймағына 845 тұрғын үй және 5 мың саяжай кіреді. 12 сәуірден бастап облыс орталығына дейін үлкен судың келуі күтіледі, шыңы 23 сәуірге келеді», – деп баяндады спикер.

20 наурыздан бастап өңірде жедел штаб ашылған. Мұрат Қанғожинов қанша елдімекенге су басу қатері төніп тұрғанына да тоқталды.

«Қар жамылғысы 38-ден 50 пайызға дейін жетті. 262 елдімекенді су басу қаупі сақталып тұр. 40 үйдің 13-і су астында қалды. 244 адам эвакуацияланды, 44 адам үйге қайтарылды. Су басқан 111 үй маңындағы аумақ бар. Күштер мен құралдардың қосымша топтары құрылды»,- деді  СҚО ТЖД бастығының орынбасары.

Солтүстік Қазақстанға Астанадан көмекке әскерилер аттанды

Су тасқыны салдарымен күресу және алдын алу жұмыстарына қосымша күш ретінде Астанадан Солтүстік Қазақстан облысына 300 әскери қызметші жіберілді.  

«8 сәуірде облыс әкімінің өтініші мен Қорғаныс министрінің нұсқауы бойынша Қарулы күштерден Астана қаласынан қосымша 300 әскери қызметші бөлінді», – деді Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

 Қостанай облысындағы су қоймалар 99 %-ға толды

Ал Қостанай облысында су тасқынының қауіпі әлі сейілген жоқ. Өңірдегі ахуалды баяндаған Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Асылбек Садуов бүгінгі таңда 6 елдімекенде төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді.

«Қостанай қаласы бойынша Тобыл өзенінің көтерілуі себебінен құтқару жұмыстары жалғасуда. 7 саяжай қоғам тұрғындарын құтқару жұмыстары жүргізілді. Бір тәулікте 2285 адам, оның ішінде 84 бала құтқарылды. Жалпы құтқарылған адам саны – 8300 ден астам, оның ішінде 1700-ден астам бала құтқарылды. Уақытша орналастыру пунктерінде 464 адам, оның ішінде 123 бала бар»,- деді  Асылбек Садуов ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Департмент басшының орынбасары Тобыл өзені қатаң бақылауда екенін жеткізді. Өйткені Қаратомар, Желқуар, Амангелді қоймаларынан әлі су келіп жатыр. Бұл қоймалар 99%-ға толған.

«Қостанай қаласы бойынша айтатын болсақ, екі көпірде жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдай министрі, әскерилер жұмыс істеп жатыр. 35 мыңдай қапшық құммен көпірдің үстін жабу жұмыстары жалғасуда»,- деді спикер.

Ақмола облысындағы ахуал қандай?

Ақмола облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Марат Оспанов атап өткендей, 5 мыңнан астам адам тұратын 25 елдімекендегі 2 мың үйді су басу қауіпінен аман алып қалған. Қазіргі уақытта эвакуацияланған 526 тұрғын үйлеріне оралды.

«18 мыңнан астам мал уақтылы эвакуацияланды, бұл су тасқыны кезеңінде олардың өліміне жол бермеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта облыстың 5 өңірінде су тасқыны жағдайы тұрақтанды, ең жоғары көрсеткіштер төмендеді. Бұл – Степногорск қаласы, Біржан сал ауданы, сондай-ақ Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандары», – деді спикер республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Дегенмен өңірдегі Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында жағдай мәз емес.  Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына Жабай және Колутон өзендерінен қауіп төніп тұр.

«Елдімекендерді қорғау үшін ұзындығы 32 шақырым үйінділер тұрғызылып, су объектілерінің 18 шақырымдық жағалау сызығы нығайтылды. Су тасқынына қарсы күреске барлығы 2,5 мың адам, 1 мыңнан астам техника, мотопомпалар мен жүзу құралдары жұмылдырылды. Өзара іс – қимыл шеңберінде ТЖ, қорғаныс және ішкі істер министрліктері су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту үшін қосымша күштер мен құралдарды ауыстырды», – деді спикер.

7 облыстағы 3 745 үй су астында қалды

Айта кетейік бұған дейін еліміздің 7 облысындағы 3 745 жеке тұрғын үйдің су астында қалғанын хабарлаған едік.

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың мәлімдеуінше, су тасқыны басталғалы 75 982 адам құтқарылған, оның 18 681-і бала.

«Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 745 жер үй, 421 аула аумағы су астында қалуда. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 4 көпір мен 101 жол төсемі бақылауда тұр. Көлік қатынасынсыз қалған 65 елді мекен бақылауда. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары республикалық штабтың бақылауында. «Жедел желі» телефонына 1 052 қоңырау түсті. Республикалық және жедел штабтар жұмыс істейді. Барлық күштер мен құралдар төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға жұмылдырылды. Жағдай күрделенетін болса, шұғыл шаралар қабылданады», – деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ оқыңыз