Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) 9 сәуірден бастап 3 тәулікке Теңіз терминалында мұнай тиеу тоқтатылғанын хабарлады. Осы уақытта Теңіз-Новороссийск магистральдық мұнай құбырының жабдықтары жаңаланбақ.
«Каспий Құбыр Консорциумы 2024 жылғы 9 сәуірден бастап жоспарлы тоқтау барысында Теңіз-Новороссийск магистралдық мұнай құбырының нысандарында жаңа жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды қосу жұмыстарын орындауды бастады. Қазіргі уақытта КҚК Теңіз терминалында да мұнай жөнелту тоқтатылған. Жұмыстар 11 сәуірден бастап қайта жанданады деп жоспарланған», – делінген хабарламада.
Қандай жөндеу жұмысы жүргізіледі
Корцорциум мұнай жөнелту жылына екі рет 72 сағатқа тоқтайтынын атап өтті. Оның кестесі бүкіл жүк жөнелтушілер, сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігімен алдын ала келісілген. Мұнай тиеуді жоспарлы тоқтату техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жұмыс істеп тұрған кезде қосуға ыңғайсыз жабдықтарды ауыстыру үшін қажет.
Сәуір айында құбырдың 266-шақырымында (салынып жатқан Атырау-Астрахань тас жолының астындағы өткел) жаңа учаскесін қосу, мұнай айдау стансаларындағы бірқатар ысырмаларды ауыстыру, құбыр ақауларын жою, төрт электр желісін ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар желілік бөліктегі өшіру клапандарын ашып-жапқанда реттелетін электр жетектері жаңартылмақ.
Мұнай құбырының әртүрлі жүйелері, мұнай айдау станциялары және Теңіз терминалына (механикалық-технологиялық жабдықтарға, энергетикалық және электр жабдықтарына; бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жүйелеріне, басқару жүйелеріне) регламенттік техникалық қызмет көрсету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіледі.
Каспий құбыр консорциумы бұған дейін су тасқынынан өндірістік нысандары зардап шекпегенін хабарлаған.Төрт мұнай айдау станциясы (Теңіз, Атырау, Құрманғазы, Исатай) су басқан аймақтардан тыс орналасқан.
КҚК құбыры – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты
КҚК құбыры Батыс Қазақстан мен Каспий қайраңындағы ресейлік кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы – 1511 км. Каспий құбыр консорциумы – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты.
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласындағы шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Бұл бағдармен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан алынатын шикізат тасымалданады.
КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен (ШАҚ) жабдықталған. Олар танкерлерді жағадан айтарлықтай алшақта қолайсыз метео жағдайда да қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.
Каспий құбыр консорциумы былтыр 56,052 миллион тонна қазақ мұнайын жөнелткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 52,2 миллион тоннаны құрады.
2023 жылы КҚК құбыр жүйесімен мұнайдың басым бөлігі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан жөнелтілді. 2024 жылға қарай КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
КҚК акционерлері: Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік атынан «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлікпен басқару) – 24%, «КТК Компани» ҰК – 7 %, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.