"Қазақстанның Даму Банкі" жалғыз акционері - "Бәйтерек" холдингіне 90 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Шығарушы редактор
90 млрд
ҚДБ 90 млрд теңге дивиденд төлейді Коллаж: kursiv.media

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өз акционеріне қарапайым акциялары бойынша 90 млрд теңге дивиденд төлейді. Банк 2023 жылы 180 млрд теңге таза табыс тапқан. Жалғыз акционердің шешімі Қазақстан қор бижасында жарияланған.

Сонымен қатар акционер банктің 2023 жылға шоғырландырылған және шоғырландырылмаған қаржылық есебін бекіткен.

Жалғыз акционер мынадай шешімдер қабылдады:

– банктің 2023 жылға шоғырландырылған және шоғырландырылмаған қаржылық есеп берушілігі бекітілсін;

– шоғырландырылған есеп берушілікті бекіту және банктің 2023 жылдағы 180 017 979 920,30 теңге мөлшерінде таза кірісін бөлудің мынадай тәртібі бекітілсін:

– 90 008 989 960,15 теңге банктің жалғыз акционеріне дивидендтер төлеуге жіберілсін; – 90 008 989 960,15 теңге банктің қарамағында қалдырылсын»,- делінген хабарламада.

Каржы ұйымының 2023 жылғы 180 млрд теңге таза табысының тең жартысы акционеріне дивиденд ретінде төленсе, 90 млрд теңгегі банктің өзінде қалады. Дивиденд мөлшері 1 қарапайым акцияға шаққанда 42 565 теңгеден келеді.

Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Қаржы акционерлік қоғамның банк шотына қолма-қол ақшасыз 90 күн ішінде аударылады.

Акционерге 2023 жыл үшін төлейтін дивиденд көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Банк алдыңғы жылы 17 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. 2022 жылы қаржы ұйымы 34 млрд теңге табыс тапқан еді. Бір жыл ішінде банк табысы да бес еседен аса өскен.

2023 жылдың ортасында «Самұрық-Қазына» қорынан басқа  ұлттық компаниялар кірісінің 50%-ын мемлекетке дивиденд ретінде төлеуін міндеттейтін қаулы қабылданған.

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.

Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз