Қазақстан арқылы Қытайға экспортталатын Ресей мұнайының көлемі артты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҚТО Қытайға 2,5 млн тонна Ресей мұнайын жеткізген Фото:kursiv.media

Жыл басынан «ҚазТрансОйл» Қытайға 2,5 тонна Ресей мұнайын транзитпен өткізген. Бұл 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 4,6 артық. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

Мұнай ҚХР-ға «Атасу-Алашанькоу» магистралдық мұнай құбыры арқылы жеткізілген.

«2024 жылдың I тоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ 2 млн 507 мың тонна көлемінде «Атасу-Алашанькоу» магистралдық мұнай құбыры арқылы Қытай Халық Республикасына Ресей мұнайының транзитін жүзеге асырды», – делінген хабарламада.

Былтыр Қытайға Қазақстан арқылы жеткізілген мұнай көлемі 9,9 млн тоннаны құраған.

Ресей «қара алтынын» ҚХР-ға еліміз арқылы тасымалдау туралы келісімге үш елдің үкіметі 2013 жылы қол қойған. 2014-2016 жылдары Қазақстан аумағы арқылы жыл сайын 7 млн тонна Ресей мұнайы транзитпен өтті. 2017 жылдан бері «Ертіс – Атасу – Алашанькоу» бағытымен Қытайға жыл сайын 10 млн тонна Ресей мұнайы тасымалданып отыр. 2014-2023 жылдары Қытайға 91 млн тонна Ресей мұнайы жеткізілген.

Ал 2022 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Роснефть» компаниясымен мұнай тасымалдау жөніндегі келісімшартын 2033 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты

Қазақстан Ресей мұнайын тағы 10 жыл 2018 жылы бекітілген бағамен тасымалдайды. Ресей шекарасынан Атасу– Алашанькоу бекетіне дейін мұнай тасымалдау құны осыдан 5 жыл бұрын 1 тонна үшін – 15 доллар деп бекітілген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2033 жылға дейін мұнай транзитінен Қазақстан 1,7 млрд доллар пайда көрмек.

«Атасу-Алашанькоу» магистралдық мұнай құбыры – «Қазақстан-Қытай» магистралдық мұнай құбырлары жүйесінің бөлігі. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ (50%) және China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd бірлескен кәсіпорны – «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС-ге (50 %) тиесілі. «Атасу-Алашанькоу» магистралдық мұнай құбырының жобалық қуаты-жылына 20 млн тонна мұнайды құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз