Қазақстандықтар 2024 жылдың алғашқы тоқсанында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 95 млрд теңгеден астам ақша алған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының статистикасы бойынша 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жалпы сомасы 95,1 млрд теңгеге 82,2 мың өтініш орындалған.
Бірінші кредиттік бюро ақпаратына сүйенсек, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өтініш саны 15% өскен. Бірақ көлемі аса қатты өзгере қоймаған. Жылдық деңгейде елеулі өсім байқалады, бұған заңнамадағы өзгерістер септігін тигізіп отыр. 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің күшіне енуі қазақстандықтарға, атап айтқанда, жинақтарды жеке басқарушыға қаржы беру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2024 жылдың І тоқсанында сыртқы басқарушыға бір тоқсан бұрынғыға қарағанда 25%-ға көп қаражат берілген. Яғни 18,8 млрд теңге жұмсалған. Емделуге 25,9 млрд теңге (өткен тоқсанмен салыстырғанда -6%), тұрғын үй жағдайын жақсартуға 50,4 млрд теңге (өткен тоқсанмен салыстырғанда -4%) алынған. Соның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға алынған қаржы әдеттегідей негізгі болып қала береді. I тоқсанда осы мақсатта зейнетақы жинағын алғандардың көлемі 53%-ды құрады.
2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы. Алайда ол кезде тек жинақтың жеткілікті шегінен асатын қаржыны ғана жеке компанияға сенімдерлік басқаруға беруге болатын.
Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілді. Бұл ретте «жеткілікті шек» деген шектеу жоқ. Оған қоса, жоғарыдағы жеке басқарушы компанияның біреуін өзі таңдай алады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш жазу керек.
Атап айтқанда, қазақстандықтар жинақтарының бір бөлігіне шағын және орта компаниялардың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға мүмкіндік берілді.
БЖЗҚ активтері есебінен сатып алуға болатын қаржы құралдарының қолданыстағы тізбесіне Қаржы министрлігі немесе Ұлттық банк шығарған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ Үкіметтің кепілдік етуімен шығарылған бағалы қағаздар кіреді.