Жаңалықтар

Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың әлеуметтік төлемдері автоматты түрде ұзартылады

Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың әлеуметтік төлемдері автоматты түрде ұзартылады / коллаж kursiv.media

Төтенше жағдайлар кезінде билік қазақстандықтарға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) автоматты түрде ұзартатын болады. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Еңбек министрлігі бұйрығының жобасында жазылған. 

Еңбек министрлігі АӘК тағайындау және төлеу ережелеріне өзгерістер енгізгісі келеді. Барлық толықтырулар төтенше жағдай режиміне қатысты. Мысалы, ТЖ аймағында қалған азаматтарға әлеуметтік көмек тағайындау автоматты түрде келесі тоқсанға ұзартылады. 

«Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ кезеңінде қолданыстағы АӘК алушыға ақпараттық жүйе арқылы тағайындалған тоқсанның соңғы күніне АӘК өтінішсіз автоматты түрде келесі тоқсанға ұзартылады», – делінген бұйрық жобасында. 

Сондай-ақ, ведомство азаматтар ТЖ кезінде әлеуметтік төлемдері бірінші рет жүгінген учаскелік комиссияның азаматтардың материалдық жағдайын тексермейтінін жазған. 

Сонымен қатар, құжатта 2024 жылдың II тоқсанында қайта куәландыру мерзімі белгіленген мүгедектігі бар азаматтар ТЖ жарияланған өңірлерде болса, олардың құжаты автоматты түрде ұзартылады:

  • мүгедектік мерзімі;
  • жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесі;
  • кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі;
  • жеке оңалту бағдарламалары. 
  • бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жәрдемақы төленетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет қиын жағдайда қалған жалғызбасты адамдар мен отбасыларға уақытша төлемдер (АӘК) тағайындайды. Еңбек министрлігі бұйрығының жобасы 23 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.

Елде су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғау қызметтері 85 мыңға жуық адамды құтқарып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи апат орын алған аймақтардағы соңғы деректермен бөлісті.

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, уақытша орналастыру пунктеріне қазіргі уақытта 8349 адам жеткізілген.

«Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 8 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды. Сонымен қоса 1 мыңнан астам құм қапшық және 1 тоннадан астам инертті материалдар төселді. Авариялық құтқару жұмыстарына 16 мыңнан астам және 2500-ге жуық техника жұмылдырылды», – деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Десе де еліміздің 9 өңірінде – Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және СҚО жергілікті ауқымдағы 29 төтенше жағдай жарияланды. «Жедел желі» телефондарына 1 129 қоңырау келіп түсті, шұғыл психологиялық көмек 76 адамға көрсетілді. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.