Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі су тасқынының салдарымен бетпе-бет келіп, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына көңіл айтты.
Ведомствоның Х әлеуметтік желісінде пайда болған ақпаратта Әзірбайжан Қазақстандағы су тасқынына алаңдаулы әрі бауырлас елмен бірге қайғырып жатқаны жазылған.
«Бауырлас Қазақстандағы жойқын су тасқынына қатты қайғырып отырмыз. Табиғи апаттан зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілейміз. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқымен және Үкіметімен бірге екенімізді білдіргіміз келеді», – делінген ресми ақпаратта.
Атырау облысының Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында екі ер адам қайтыс болған. Құтқарушылар 7 сәуір күні сағат 11:00 шамасында олардың денелерін тапты. 6 сәуір күні 1974 жылғы құлсарылық тұрғын досымен бірге үйді тексермек болып трактормен жүрген. Жолда көлік аударылған.
Осыған дейін Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлаған. Елдің Сыртқы істер министрлігі сайтында 7 сәуір күні ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстан халқына көңіл айту хаты жария болды. Түркия Қазақстанға кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өткен.
Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.
Бүгіндері 10 облыста – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режимі сақталып отыр. Қазір жалпы еліміз бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.