Түркия Газадағы атыс тоқтағанға дейін Израильге экспорттық шектеулер енгізді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Түркия Газадағы атыс тоқтағанға дейін Израильге экспорттық шектеулер енгізді / shutterstock

Түркия Израиль Газадағы атысты тоқтатқанға дейін тауардың 54 түріне арнап экспорттық шектеулер енгізді. Алғашқы кезеңде авиациялық отынға, мотор майларына және минералды тыңайтқыштарға шектеу енгізіледі.

Yirmidort ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркияның сауда министрлігі Газа секторында атыс тоқтағанға дейін Израильге 54 өнеркәсіптік тауардың экспортына шектеулер енгізді.

Министрлік «жаппай қырғын салдарынан қаза тапқан» палестиналықтардың саны қазірдің өзінде 33 мыңнан асып, жараланғандардың саны 100 мың адамға жеткенін атап өткен. 

Түрік сауда министрлігінде атап өткендей, Анкара өткен жылдың қазан айынан бастап қақтығысты бейбіт жолмен шешуге тырысып келген. Алайда Израиль билігі «халықаралық құқықты өрескел бұзып» келе жатқанын атап өтіп, Түркия Израильге 54 тауардың экспортын шектеу туралы шешім қабылдаған.

Экспортқа тыйым салынған тауарлар:

  • алюминий мен оның сымдары;
  • мыс пен оның сымдар;
  • болат құбырлар;
  • цемент (оның ішінде блоктар мен плиталар);
  • экскаваторлар және басқа құрылыс техникасы;
  • гидравликалық және минералды майлар;
  • мотор майлары;
  • минералды тыңайтқыштар;
  • металдарды өңдеуде қолданылатын химиялық заттар;
  • пластикалық құбырлар;
  • авиациялық бензин және авиациялық отын;
  • кірпіш;
  • желімдер және т. б.

«Израиль Газа секторында атысты дереу тоқтату туралы жариялағанға дейін, аймаққа гуманитарлық көмектің жеткілікті және үздіксіз ағынына рұқсат бергенге дейін шешім күшінде қалады», – деп қосты министрлік.

Түркияда сайлау қорытындысы

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Әділет және даму партиясы муниципалдық сайлауда алғаш рет оппозициядан жеңілген. Ердоғанның партиясы оппозициядағы Халықтық-республикалық партиясынан жеңіліп, Ердоған партиясы 35,6%, оппозициялық партия 37,6% дауыс жинаған.

Билік партиясы 2019 жылы 39 қаланың басқарса, енді 24 қалада әкім креслосын алады деп күтілуде. Оппозиция өткен сайлауда 21 қала әкімі болса, енді 35 провинцияны басқаруы керек.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, сайлаушыларға Ердоған үкіметінің Газадағы соғысқа қарамастан, Израильмен сауданы тоқтатпауы да әсер етіп отыр. Сайлаушылар билік партиясын осылай жазалауды жөн санаған.

Ердоған Палестина мемлекетін құру туралы

Газада болған оқиға адамзатқа қарсы қылмыс, бұл – соғыс қылмысы, қылмыскерлер халықаралық құқық алдында жауап беруі керек. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Дубайда өткен дүниежүзілік Климат жөніндегі саммите мәлімдеген.

«Түркия Палестина мемлекетін құру жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын!» – деп қорытты сөзін Режеп Тайып Ердоған.

Сондай-ақ оқыңыз