Саунада балалар лагерін ұйымдастыру үшін пара алған шенеунік 6 жылға сотталды
Алматы соты саунада ерекше қажеттілігі бар балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жазғы лагерін ұйымдастырған азаматтарға үкім шығарды.
Іске байланысты айыпталушы шенеунік пара алғаны үшін кінәсін мойындамады. Прокурор оған 7 жыл, ал лагерь иесін 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.
Нәтижесінде сот шенеунікке мемлекеттік қызметте қызмет етуге өмір бойына тыйым сала отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Ірі мөлшерде алаяқтық жасаған лагерь басшысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алматы соты айыпталушылардың кінәсі дәлелденгенін жазады. Алайда үкім әлі заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, 2023 жылдың жазында балалары лагерьде демалып жатқан ата-аналар дабыл қағып, демалыс орны массаж үстелдері мен душ бөлмелері бар саунада орналасқаны туралы шағымданған.
Кейін лагерьдің Мемлекеттік сатып алу кезінде ашық конкурста тендерді жеңіп алғаны белгілі болды. Оған Алматы қаласы білім басқармасының Мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі бас маманы ықпал еткен.
Мемлекеттік сатып алу сайтында тендерді «Арман дала» лагерін ұсынған «БелРичи» ЖШС үш рет жеңіп алған. Алғашқы екі байқауда «Алматы қаласының білім басқармасы» КММ «БелРичи» ЖШС-на 37 млн 500 мың теңге, үшінші рет бюджет 32 млн 812 мың 500 теңге бөлген. Келісімшарттың жалпы сомасы – 107 млн 812 мың 500 теңге.
Жазғы лагерьде барлығы 300 бала демалады. Ата-аналардың сөзінше, «Арман далада» тәлімгерлер орнында кафе қонақтарына қызмет көрсетуші даяшылар болған. Балалар қадағалаусыз қалған. Лагерьде өткізілген бір тәулікте оқушылардың денсаулығы нашарлап, телефондары сынған.