«Тау-Кен Самрұқ» америкалық компаниямен бірлесіп Қостанай облысында геологиялық барлау жұмысын жүргізбек
«Самұрық-Қазына» АҚ және Cove Capital америкалық инвестициялық компаниясы Қазақстанда сирек және жерде сирек кездесетін металдардарды іздеуге келісті.
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов, Сove Capital құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Пини Альтхаустың кездесуінде белгілі болды.
Қос компания атап айтқанда, Қостанай облысындағы «Ақбұлақ» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге келіскен. Бұл үшін ТКС еншілес ұйымы «Қазгеология» АҚ және Cove Capital арасында бірлескен кәсіпорын құрылады. Cove Capital тауарлық-материалдық қорларды балансқа қоймас бұрын геологиялық барлау жұмыстарын толық қаржыландырады.
Айта кетейік, Cove Capital инвестициялық компаниясы 2015 жылы құрылған. Биофармацевтика, жаңартылатын энергия көздері, экологиялық таза технологиялар және тау-кен өндірісіне инвестиция құяды. Қазақстанға қатысына келсек, KAZ Resources LLC (АҚШ) арқылы «KAZ Critical Minerals» ЖШС иелік етеді. Компанияның бас кеңсесі – АҚШ-та орналасқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгеология» ұлттық компаниясының «Тау-Кен Самұрық» АҚ еншілесі атанғаны туралы жазған едік.