Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,7% шамасында, жалдамалы жұмысшылар саны 7 млн-ға жуық
15 жастан асқан тұрғындар арасында 2023 жылы жұмыспен қамтылу деңгейі 62,5%, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,3% құрады. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%. Жұмыссыздар саны 452,2 мың адамды құрады. Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқумен айналыспайтын NEET жастардың үлесі 7,3%-ды құрады.
«2023 жылдың желтоқсан айының соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адам ретінде 46,5 мың адам жүгінген. Жұмыспен қамту бойынша барлығы 67,5 мың іс-шаралар көрсетілді, 1,5 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілді, 0,7 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
9,1 млн адам жұмыспен қамтылды
Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша 2023 жылы Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,1 млн адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмыс істейді. Бұл экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 75,9%-ы. Ал 2,2 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыды. Ол экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 24,1%-ына тең.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артты
2022 жылмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 110,4 мың адамға өсті. Негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (64,3 мың адам) есебінен артты. Сонымен қатар жалдамалы қызметкерлердің саны (46,1 мың адам) өсті.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі саудамен айналысады
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,7%), білім беру (13%), өнеркәсіп (12,3%) және ауыл шаруашылығы (11,9%) салаларында байқалды.
Негізгі жұмыста орта есеппен бір жұмыспен қамтылғанның аптасына нақты жұмыс істеген сағаттары 39 сағатты, бір жалдамалы қызметкерге – 40 сағатты, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерге – 34 сағатты құрады.
Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын емес адамдар саны (әлеуетті жұмыс күші) 28,1 мың адамды құрады.
Жұмыс күш құрамына кірмейтін адамдардың үлесі 15 және одан жоғары жастағы халықтың 31,5%-ын құрады.
2022 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі (ХЕҰ әдіснамасы бойынша) 0,2% төмендеді және 4,7% құрады.
127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген
Жұмыспен қамту органдарында 127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген. Бұл 2023 жылғы желтоқсан айының соңындағы көрсеткіш. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2022 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа өсті. Ал жұмыс күшінің санынан 1,8%-ды құрады.
15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% шамасында.
ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде инфляция мен жұмыссыздық жөнінен Қазақстан көш бастаған еді.