Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректерге қолжетімділікті басқарудың мемлекеттік сервисін (ДҚБ сервисі) енгізеді. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, ДҚБ сервисі алғашқыда азаматтардан дербес деректерін жинау және өңдеуге келісімін алады. Сервис дербес деректер келісімсіз өңделген жағдайда азаматтарды хабарландырады.
ДҚБ сервисі сенімді бағдарламалық және электрондық өнеркәсіп өнімдер тізіліміне енгізілген. Бұл тізілімге кіру үшін зияткерлік меншік құқығы болуы керек. Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтан өтеді.
«Қазіргі уақытта ДҚБ сервисіне мемлекеттік, квазимемлекеттік, жеке, сондай-ақ барлық екінші деңгейлі банктерді қамтитын 128 ақпараттық жүйе қосылған. Әр ай сайын ДҚБ сервисі арқылы 10 млн-нан астам сұраныс өңделеді. ДҚБ сервисін қолданатын танымал сервистер қатарында екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларындағы «Цифрлық құжаттар», жәрдемақы алу үшін мүгедектік санатын растау, банктік қызметтер алу барысында дербес деректер субъектісінің келісімін алу сынды жүйелері бар», – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, ДҚБ сервисі мемлекеттік органдар және ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде сақталатын деректердің қорғалуын қамтамасыз етеді.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралып кеткені жайлы хабарлады.
Кейінірек ЦДИАӨМ деректердің таралуына жол берген микроқаржы ұйымына 1 846 000 теңге айыппұл салды.
Ал өткен жылдың қазан айында азаматтарының дербес деректерін заңсыз таратқан 8 Telegram-бот бұғатталды.
Елде азаматтардың жеке деректері ұрланса, ХҚКО қызметкерлері жауапкершілікке тартылады. Бұған дейін, Мәжілісте заң жобасы қаралып жатқанын жазған едік.
Бұған дейін, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов «Курсивке» берген сұхбатында Қазақстандағы ең ауқамды деректердің таралуы және оқиғалардың себептері мен салдары туралы айтқан еді.