196 мың теңгеге сатылған: прокуратура мейрамханаға айналып кеткен Абай атындағы ҚазҰПУ ғимаратының бір бөлігін қайтарды

Жарияланды
Абай атындағы университетке тиесілі жер учаскесі 62 мың теңгеге сатылған /Фото: kursiv.media

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы кезінде небәрі 196 мың теңгеге сатылып кеткен «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» ғимаратының бір бөлігін қайтарып алды. Бұл жайлы прокуратураның баспасөз қызметі хабарады.

«Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің» мүлкін заңсыз иеліктен шығару фактісін анықтады», –делінген баспсаөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша, 1997 жылы Жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет, оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқан. Сол жылы университетке тиесілі 26 сотық жер телімі де сатылған. Оны бар болғаны 62 000 теңгеге бағалаған.

Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіш саналады. Сондықтан оның сатылуы орынсыз. Арзанға сатылып кеткен жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі – «Ескі қақпа» орналасқан. Сол себепті прокуратура бұл сатып алу жөніндегі мәмілені заңсыз деп тапқан.

Жекеменшікке өткен оқу корпусының ғимаратында кейін «Ескі қақпа» атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі пайда болған.

«Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді. Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді», – деп хабарлайды прокуратура.

Жекенің қолына заңсыз өткен оқу орындарының қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті де бар. 2023 жылдың 1 маусым күні университет ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерді. Шығарылған активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, 5 оқу-зертханалық корпус бар. Сонымен бірге 1,8 гектарлық жаттығу-спорт кешені бар стадион, әкімшілік ғимараттар мен басқа да объектілер жекешелендірілген.  

Осыған орай өткен жылдың шілдесінде Үкімет жекеменшікке өтіп кеткен кейбір жоғары оқу орындарының акивтерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді. Бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайылов құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз