ҚМГ басшылығы «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасының 50%-ы неліктен «Лукойл» компаниясына сатылғанын түсіндірді

Жарияланды
Қаламқас-теңіз
коллаж kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Құдайбергенов «Қаламқас-теңіз/Хазар» жобасының 50 пайыздық үлесі не себепті «Лукойлға» сатылғанын түсіндіріп берді.

Айтуынша, игерудегі қиындықтарға байланысты бұл жобадан алғашқыда инвесторлар бас тартып, кен орындарын мемлекетке қайтарып берген.

«Қаламқас-Теңіз және Хазар кен орындары бұған дейін жер қойнауын пайдалану жөніндегі әртүрлі келісімшарттарға кірген. Операторлары да әртүрлі еді. Қаламқас теңізінің операторы – Қашаған кен орнын игеруші NCOC компаниясы болды. Ал Хазар операторы Shell және Oman Oil компанияларының қатысуымен құрылған КМОК (аспий Меруерты Оперейтинг Компани) болды. Бірқатар себептерге байланысты олардың жобаны дамытуы кешіктірілді. Сонымен бірге жобаны жеке жүргізудің экономикалық негізділігі болмады. Нәтижесінде компаниялар бұл кен орындарына инвестиция салудан бас тартып, жер телімдерін мемлекетке қайтарып берді», – дейді ҚМГ өкілі.

Мемлекет бұл кен орындарының географиялық жақындығы мен геологиялық ұқсастығын ескере отырып, екі жобаны бір келісімшартқа біріктіру туралы шешім қабылдаған.

Өз кезегінде, «ҚазМұнайГаз» ұзақ келіссөздер жүргізіп, Каспий теңізінің ресейлік секторында осыған ұқсас бірқатар жобаларды жүзеге асырған «Лукойл» компаниясымен стратегиялық серіктестік жөнінде келісімшарт жасаған.

«Шельфтік кен орындарын игеру үшін тиісті технологиялары бар стратегиялық серіктестің болуы жобаны қайта бастауға мүмкіндік беретін шешуші фактор. Әйтпесе, жоба әлі де инвесторын күтіп, жүзеге асырылмаған күйі тұратын еді. Сонымен бірге жобаға шамамен 6,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылығанын да естен шығармаған дұрыс. Сонымен бірге бұл «технологиялық күрделі» санаттағы жоба саналады. Қазақстанда алғаш рет кен орнын теңізде металл платформаларды пайдалану арқылы игеру жоспарланып отыр»,– дейді Қуаныш Құдайбергенов.

Құдайбергеновтің айтуынша платформаларды салу кезінде Қашаған құрылысы аяқталғаннан бері тоқтап тұрған Маңғыстау облысында орналасқан қазақстандық кеме жасау зауыттары жұмысқа тартылады. Мұның барлығы өңірдегі іскерлік белсенділіктің артып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашпақ.

«Сондықтан мұндай қымбат жобаға инвестиция құюға дайын стратегиялық серіктестің пайда болуының өзін оң фактор ретінде атап өтуге болады. Бұл жобада біздің компанияның 50% үлесі бар екенін атап өткен жөн. Барлық шешімдер бірлескен кәсіпорынның қатысушылары арасында паритеттік негізде қабылданады. Жоба операторының басшылығы екі қатысушының да өкілдерінен тұрады. Сол себепті кейбір БАҚ-тардағы «ҚМГ жобаны бақылау мүмкіндігінен айырылды» деген мәліметтер шындыққа жанаспайды», – деді Құдайбергенов.

«Лукойлмен» келісімшарт туралы

Еске сала кетсек, 10 ақпанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасасты. Тараптар Қатысушылар келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталында 50% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына және Қатысушылардың оператор қызметін қаржыландыру шарттары туралы келісімге қол қойған болатын.

Өткен жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалғанын хабарлаған. Келісімшарт бойынша «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жер қойнауын пайдаланады 

Ал осы жылдың ақпан айында ҚМГ Қаламқас-Теңіз және Хазар жобасы бойынша мұнай өндірісі 2028-2029 жылдары басталатыныбелгілі болды.

«Міндеттер айқындалды – бұл кен орындарын игеруді уақтылы аяқтау үшін маңызды. Сонымен қатар қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді барынша тарту қарастырылған. Сол арқылы 2028-2029 жылдары мұнай өндіруді бастауды қамтамасыз ету жоспарланған», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

8 сәуір күні Ресейлік «Лукойл» Kalamkas Khazar Operating компаниясының 50 пайыз үлесін 200 млн долларға сатып алғаны белгілі болды.

«2023 жылдың 21 қыркүйегінде «Лукойл» АҚ 200 миллион доллар көлемінде ақшалай өтемақы төледі (төлем күнінде 94,644 миллион теңгеге тең)», – делінген есепте.

Өз кезегінде ҚМГ бұрынғы еншілес кәсіпорнына 93,2 млрд теңге (шамамен 200 млн доллар) инвестиция салған. Жоба операторы – «Қаламқас-Хазар Оперейтинг» компаниясының 2023 жылдың 1 қаңтарынан бақылауды жоғалтқан күнге дейінгі таза шығыны 233 миллион теңгені, қаржылық кірісі 7 миллион теңгені құрайды. Жалпы және әкімшілік шығындар 108 миллион теңгеге жетті. Активтері – 20,5 млрд теңге, міндеттемелері 6 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз