«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға үй салуға қосымша 5 млрд теңге бөледі
«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтады. Бұл жайлы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі су тасқыны салдарынан зардап шеккен еліміздің бірқатар өңірлерінде көмек көрсету мәселесін қарады. Бұған дейін Қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд. теңге бөлу туралы жариялаған болатын. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, Қордың Қамқоршылық кеңесі осы мақсаттарға барлығы 10 млрд теңге бөлу туралы шешімді бекітті», –делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге қорға 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдылық қаражаты да зардап шеккендерге беріледі. Бұл қаржы тұрғындарға үй салуға жұмсалмақ. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 сәуірге дейін қорға азаматтар мен компаниялардан 970 млн теңге түскен.
Қор қаражаты мен жиналған ақшаға шамамен 430-дан астам үй салуға болады. Жаңа донорлар белсенді қатысқан жағдайда Қор үйлер санын едәуір арттыра алады деп күтілуде.
Су тасқыны салдарынан қираған тұрғын үйді қалпына келтіру қажеттілігі анағұрлым жоғары екенін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры жанашыр азаматтар мен заңды тұлғаларды Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинау жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.
Қор қайырымдылық үшін ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректемелерді пайдалану ұсынылған.
Еске сала кетсек, 31 наурызда «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев апатқа 5 млрд теңге бөлетінін жеткізді.
«Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объективті тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізіледі», – деп хабарлаған болатын қор.
Ал «Самұрық-қазына» компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
«Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Көмекті Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақгаз», «Кегок», «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» компаниялары көрсетті», – деді Жақыпов.
Бұл қаражат бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы жіберіледі.