Жаңалықтар

Жазда Грузиядан экстрадицияланған Тараз қаласының бұрынғы депутаты 5 жылға сотталды

Тараз қаласының
Тараз қаласының бұрынғы депутаты 5 жылға бас бостандығынан айрылды / Фото: kursiv.media

Жазда Грузиядан экстрадицияланған Тараз қаласының бұрынғы депутаты Қайсар Сарытайға қатысты үкім шықты. Бұл жайлы Тараз қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутат билігін асыра пайдаланған.

«Тараз қаласының №2 сотында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған сотталушы С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды», – делінген хабарламада.

Сотта Сарытайдың Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқара жүріп, заңсыз әрі қызмет мүдделеріне қайшы әрекеттерге барғаны анықталған. Ол өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтен тұлғаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Атап айтқанда, қызметкерлерді «Open Akimat» ақпараттық жүйесіне бөлінген қаражатты аударуға итермелеген. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында кәсіпкерлерді өз нұсқауымен келісімшартқа отыруға және прейскуранттар дайындауға мәжбүрлеген.

Сотталушының осындай заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде – 58 513 789 теңге материалдық залал келтірілген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейне жазбалармен және заттай дәлелдемелермен объективті түрде расталған.

Прокурор сотталушыға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігінің санкциясында мұндай қылмысқа 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Алайда жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерген. Сотталушы шын жүректен өкініп, кінәсін ішінара мойындаған, келтірілген залалды толық өтеген. Сонымен бірге сотталушы денсаулығының ауыр жағдайы назарға алынған.

Бірақ, сот антын бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауын ауырлататын мән-жай деп таныған.

«Қоғамдық қауіптіліктің және жасалған қылмыстың сипаты мен дәрежесін ескере отырып, С.-ға мемлекеттік қызметте, судьяларда және т.б. лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, ақпанда Шымкент әкімдігінің лауазымды тұлғасы Азат Момынов ұсталды. Оны Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің жиналысының үстінде Жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өкілдері ұстап алып кетті. Момынов Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы міндетін атқарған. Ол қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктеліп отыр. Атап айтқанда әкімдік өкілі қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жымқыру фактісі бойынша тергеледі.  

Келтірілген залал сомасы 120 млн теңге. Сонымен бірге агенттік қатарлас қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына рәсімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқаны да тексереді.