Су тасқыны салдарынан бүлінген баспаналардың орынына 80 және 160 шаршы метрлік үйлер салынады. Осылай деп мәлімдеген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева үйлері суға кеткен азаматтарға қандай баспана берілетінін түсіндіріп берді.
«8 сәуірде Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіруді тапсырған еді. Осы тапсырма шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй салуды көздейтін кешенді іс-қимыл жоспары әзірленді«, – деді министрлік өкілі ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Меруерт Ибраева осы жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы әзірленгенін мәлім етті.
«Біріншісі, 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке тұрғын үй. Екіншісі, жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді, бұл барлық өңірлерде типтік жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылатын болады», – деді ҚР ӨҚМ ресми өкілі.
Оның сөзінше, министр Қанат Шарлапаев аймақтық және республикалық ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездескен. Онда ведомство басшысы ресурстарды шұғыл жұмылдыруды және құрылысты тез арада бастап кетуді сұраған. Сондай-ақ әкімдіктер су деңгейі әлі толық төмендемегеніне қарамастан, зардап шеккен үйлерге қажетті қалпына келтіру жұмыстарының көлемін бағалау үшін техникалық тексеру жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдап, апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырған болатын.
Министр су басқан өңірлерде қазіргі уақытта жаңа тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталып қалғанын айтқан.
«2024 жылдың екі айының қорытындысы бойынша ең үлкен өсім метталлургия, химия және машина жасау салаларында байқалады. Біздің басты мақсатымыз –экономика өсімін 6 пайызға жеткізу. Инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Қазіргі таңда әлемнің ең ірі тау-кен компаниялары елімізге қызығушылық танытуда», – деді минстр.
Тағы 5 млрд теңге. «Қазақстан халқына» қоры үйі суға кеткендерге қаржы бөлді
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға үй салуға қосымша 5 млрд теңге бөлетінін мәлімдеді. Осылайша зардап шеккендерге көмек мөлшері 10 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі су тасқыны салдарынан зардап шеккен еліміздің бірқатар өңірлерінде көмек көрсету мәселесін қарады. Бұған дейін Қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд. теңге бөлу туралы жариялаған болатын. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, Қордың Қамқоршылық кеңесі осы мақсаттарға барлығы 10 млрд теңге бөлу туралы шешімді бекітті», –делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге қорға 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдық қаражаты да зардап шеккендерге беріледі. Бұл қаржы тұрғындарға үй салуға жұмсалмақ. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 сәуірге дейін қорға азаматтар мен компаниялардан 970 млн теңге түскен. Қор қаражаты мен жиналған ақшаға шамамен 430-дан астам үй салуға болады. Жаңа донорлар белсенді қатысқан жағдайда Қор үйлер санын едәуір арттыра алады деп күтілуде.
Ал «Самұрық-қазына» компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
«Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Көмекті Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақгаз», «Кегок», «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» компаниялары көрсетті», – деді Жақыпов.
Бұл қаражат бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы жіберіледі.
Сонымен бірге қосымша қаражат жіберген компаниялар арасында Eurasian Resources Group бар. Компания алдында 400 млн аударған. Кейін бұл соманы 500 млн теңгеге жеткізді.
Ал Kaspi bank бүгін су тасқынына қосымша 500 миллион теңге бөлетінін хабарлады. Мұның алдында банк 120 млн теңге бөлген. Осы әрекеті үшін банк сынға ұшырады. Кей басылымдар Kaspi Bank-тің банк үшін күлкілі сомада көмек көрсеткенін, Тоқаевтың үндеуінен соң, халыққа лайықты деңгейде көмектесуге ниет білдірмегенін жазды.
Банк бұл олқылығының орнын жуып-шаю мақсатында «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторлар, сорғыштар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға қосымша қаражат бөлді.