«Екі күн бар»: Роман Скляр СҚО-дағы су басу қауіпі жоғары Заречный кентінен тұрғындарды шұғыл эвакуациялауды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Скляр Заречный кентіндегі 239 тұрғынды эвакуациялауға екі күн уақыт берді /Фото: primeminister.kz

Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысындағы Заречный ауылының тұрғындарын шұғыл эвакуациялауға екі күн уақыт берді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Заречный кенті Ущев көшесі мен Прибрежное ауылы бойындағы бөгеттерді аралады. Ойқаладағы су тасқынына қарсы қорғаныс бекіністерінің дайындығын тексеріп, эвакуациялау пунктінің дайындығын қарады. Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің баяндамасын тыңдаған Скляр оған шұғыл түрде Заречный кентінде тұратын 239 тұрғынды эвакуациялауды бастауды тапсырды.

Қала әкімі бұл елдімекенге Сергеев су қоймасынан үлкен мөлшердегі су үш күнде жететінін мәлімдеді. Ол нығайтылған бөгет судың бірінші ағынына ғана төтеп беретінін атап өтті. Болжам бойынша Заречныйдағы 200 үйдің 132-сіне қауіп төніп тұр. Бірінші вице-премьер тез арада азаматтарды эвакуациялауды бастауды тапсырды.

«Адамдарға 2017 жылмен салыстырғанда, биылғы су тасқынының ауқымды екенін түсіндіру керек, өйткені ауыл ойда орналасқан және инженерлік құрылыстар судың көтерілуіне шыдамауы мүмкін, тұрғындарды эвакуациялау үшін екі күн бар», – деді ол.

Сондай-ақ Роман Скляр эвакуациялаудан бас тартқан тұрғындармен түсіндірме әңгіме жүргізіп, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін саяжай аймағынан отбасыларды көшіруді бақылауға алуды тапсырды.

 «Азаматтарға алдағы су тасқынының ауырлығын түсіндіріңіздер. Сергеев су қоймасынан көп су келеді, сондықтан аумақты қатты су басады. Бөгетті нығайту жеделдетілген түрде аяқталды, бірақ ол тек су аз кезеңдерінде қорғай алады. Сондықтан мұнда тұратындарды дереу эвакуациялау керек. Ешкім зардап шекпеуі қажет», – деді Скляр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Сергеев су қоймасының бүкіл тарихындағы су тасқынының абсолютті максималды кезеңіне жеткенін атап өтті. Ол барлық есептеу жүргізілгенін, 12-14 сәуір аралығында Петропавл қаласына үлкен су келетінін түсіндірді.

Роман Скляр «Қызылжар Су» ЖШС сорғы станциясының стратегиялық учаскесіндегі бөгетті нығайту үшін су тасу қаупін барынша азайтуды, арнайы техниканы жұмылдыруды, инертті материалдармен және жұмыс күшімен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Сорғы станциясына келетін болсақ, бұл – стратегиялық маңызды нысан. Біз қысқа мерзімде қосымша бөгетті тұрғыздық. Оның жұмысы қамтамасыз етіледі. Қосымша дизель генераторы орнатылды. Қала кез келген жағдайда үзіліссіз сумен қамтамасыз етілуі керек. Жоспарлаған жұмыстардың барлығы жалғасын табады. Одан әрі өзеннен төмен қарай, Қызылжар өңірінде жаңа бөгеттерді салуды бастаймыз. Міндет – елдімекендерді қорғау. Біз қазіргі жағдайға сәйкес, бұрыннан белгіленген жоспарлар бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деп түйіндеді Скляр.

«Қазгидромет» Петропавл қаласы мен елдімекендерге су 12 сәуірде келеді деп болжайды

СҚО-да алдағы 2-3 күнде су деңгейі көтеріліп, Есіл арнасынан шығуы мүмкін. Топан судың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктер мен ТЖД-ға Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан қызметкерлері көмекке келген. Жағдайды премьер-министр Олжас Бектенов бақылауға алған.

Үкімет үйінің хабарлауынша өңірді топан судан сақтау жұмыстарына 3000-нан астам адам жұмылдырылған. Олар Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елдімекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, полиция департаментінің, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері мен 1200 ерікті қатысуда. Оған қоса премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бүгін бұл жұмыстарға Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келіп қосылған. Осылайша барлығы 3000 адамға жуықтаған.

«Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен, адамдар зардап шекпеуі маңызды», – деді Олжас Бектенов.

Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасындағы су деңгейі көтерілген. Сонымен бірге өңірде қарғын суды өткізу үшін автожол төсемдерін аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламалы бағыт қарастырылып, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз