БҚО-дағы Жайық және Шаған өзендерінің бойындағы саяжайларда тұратын халық көшіріліп жатыр. Өйткені қос өзенге құйылып жатқан су мөлшерінің деңгейі 7 метрден асты.
«Батыс Қазақстан облысында су тасқынының қауіпі сейілмей тұр» деген аймақ басшысы Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына үндеу жолдады. Облыс басшысы атап өткендей өңірде су тасқынының жағдайы шиеленісіп тұр. Қазіргі уақытта Орал қаласының өзінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге жетті. Су деңгейі әлі де артып, шекті деңгейге жақындады. Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында, сондай-ақ Орал қаласының Жайық өзенінің бойында орналасқан аудандарындағы жалпы саны 94 елдімекенді су басу қаупі бар.
«Барлық ресурсты жұмылдырдық, Жайық өзенінің жағалауындағы аса қауіпті учаскелерде бөгеттер салынуда. Жағалауды нығайту жұмыстарына 200 бірлік техника жұмылдырылып, 1000-ға жуық адам тартылды. Басқа аудандарда да алдын алу шаралары қабылдануда», – деді Төреғалиев.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына су тасқыны жағдайы бойынша үндеу жариялағанын еске салып, апаттан зардап шеккен әр тұрғын көмексіз қалмайтынын атап өтті. Әкім су тасқынымен күресуде табандылық танытып жатқан барлық азаматқа және құтқарушылар, полицейлер, әскери қызметкерлер мен коммуналдық қызметкерлерге алғысын жеткізді.
«Зардап шегушілерге облыс жұртшылығы да үлкен қолдау көрсетуде. Облыс кәсіпкерлері, қоғамдық бірлестіктер, еріктілер және қарапайым облыс тұрғындары көмектесуде. Бұл үшін оларға үлкен алғыс айтамыз. Енді тағы бір рет еске салғым келеді. Осы қиын кезеңде сабырлық танытып, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз қажет. Сонымен қатар қазіргі су тасқыны жағдайы туралы ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймын», – деді облыс әкімі.
Қазір Жайық бойындағы үйлер мен саяжайлардағы халық өзеннің арнасынан шығуына байланысты эвакуацияланды. Бұл туралы облыста жағдайды бақылап жүрген Премьер-Министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров мәлімдеді. Жайық өзенінің жағалауын нығайту және Орал қаласы мен облыстың төрт ауданында дамбалар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Даринск, байқоңыс, Озерный, Володар, Январцева, Ақсу, Рубежинское және т.б. ауылдардың маңында уақытша дамбалар салынады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей Федерациясынан басталатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтеріліп, елеулі қауіп төндіруде. Су тасқыны басталғалы Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы су деңгейі 676 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей – 850 сантиметр.
Орынбор облысы су ресурстары бөлімінің мәліметі бойынша, Жайық өзеніне Ириклин су торабы арқылы келетін су көлемі секундына 2 150 текше метр дейін артқан. Екі күн бұрын бұл көрсеткіш 790 текше метр шамасында болды. Ал Жайыққа құйылатын Сақмар, Елек және Шыңғырлау өзендерінде биыл су молынан. Егер Ириклин қоймасынан жіберілген су келіп жетсе, шаһарға қауіп төнуі мүмкін.
Орск маңындағы Жайық суының деңгейі 2 сағатта 9 см-ге төмендеді
Ресейдің РИА НОВОСТИ баслымы хабарлағандай, Орск облысындағы Жайық өзенінің су деңгейі екі сағатта 9 см-ге төмендеген. Алайда оның қауіптілік деңгейі әлі де жоғары.
«Жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр, бірақ су басқан қаланың кейбір аудандарында су тартыла бастады. Орск облысындағы Жайық өзенінде су деңгейі 2 сағатта 9 см-ге төмендеді, бірақ әлі де қауіпті белгіден жоғары тұр. Өлшеу бекеттерінде үздіксіз мониторинг жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысында ахуал қандай?
СҚО-да алдағы 2-3 күнде су деңгейі көтеріліп, Есіл арнасынан шығуы мүмкін. Топан судың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктер мен ТЖД-ға Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан қызметкерлері көмекке келген. Жағдайды премьер-министр Олжас Бектенов бақылауға алған.
Үкімет үйінің хабарлауынша өңірді топан судан сақтау жұмыстарына 3000-нан астам адам жұмылдырылған. Олар Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елдімекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, полиция департаментінің, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері мен 1200 ерікті қатысуда. Оған қоса премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бүгін бұл жұмыстарға Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келіп қосылған. Осылайша барлығы 3000 адамға жуықтаған.
«Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен, адамдар зардап шекпеуі маңызды», – деді Олжас Бектенов.