Астана қаласы инвестициялар басқармасы Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді толығымен сатуға дайын

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Астана қаласы инвестициялар басқармасы Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді толығымен сатуға дайын / коллаж kursiv.media

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы миллиардер Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді толығымен сатуға дайын. Бұл туралы басқарма «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазды.

«Объектіні кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданды. Сенімгерлік басқару мерзімі аяқталып, сенімгерлік басқарушы объектіні одан әрі сатып алу туралы шешім қабылдаса, сатудан түскен қаражат бюджетке аударылады», – делінген жауапта.

Басқарма ақпаратына сүйенсек, Боранбаев мемлекетке қайтарған «Комфорт Отель Астана» ЖШС мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлері тізбесіне кірмейді. Яғни мемлекет қонақүй және мейрамхана қызметтерін көрсетпейтіндіктен, оны сенімгерлік басқаруға бергенді жөн көрген.

Қаланың инвестициялар басқармасы қонақүйді сенімгерлік басқару үшін сатылымға шығармай тұрып, Бағалау палатасына «Комфорт Отель Астананы» бағалауға тапсырыс берген. Палата қонақүйді сенімгерлік басқаруға беру үшін 3,9 млрд теңгеге бағаланған.

Қайрат Боранбаевтан қайтарылған «Комфорт отель Астана» қонақүйі әлі де мемлекет меншігінде. Аукционға шығарылған қонақүйді ешкім сатып алмаған.

Еске сала кетсек, миллиардер Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» қонақүйі мемлекеттік электрондық сауда алаңына 15 наурыз күні орналастырылған болатын. Аукцион құжаттарында нысанға тек бір адам ие бола алатыны және жаңа иесі қонақүйді, оған іргелес аумақты мақсатқа сай пайдалана алатыны жазылған.

Боранбаев мемлекетке қайтарған мүлік

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. . Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың  құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз