Жезқазған маңындағы Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жезқазған маңындағы Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады / shutterstock

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласының маңында орналасқан Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады.

Ашық НҚА жүйесінде пайда болған ақпаратқа сүйенсек, су қоймасын мемлекет меншігіне қайтару туралы бұйрыққа премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Кеңгір өзеніндегі Кеңгір су қоймасы ерекше стратегиялық маңызы бар, жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енді.

24.kz басылымының ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда су қоймасы толығымен толған. Артық су Кеңгір өзеніне құйылып жатыр. Кеңгір су қоймасына көп көлемдегі су наурыз айының соңында келе бастаған. Бірнеше күн ішінде оның көлемі рұқсат етілген деңгейге дейін толған. Қазіргі уақытта келіп түскен судың жалпы көлемі 367 миллион текше метрді құрайды. Оның 260 миллионнан астамы Кеңгір өзеніне төгілген. 

2022 жылы наурызда Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Кеңгір су қоймасын мемлекет балансына қайтару мәселесін көтеріп, су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстар «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-ға тиесілі екендігін айтқан.

2015 жылы «Қазақмыс корпорациясы «(Forbes деректері бойынша 70% Владимир Кимге тиесілі) «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС жылумен, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау активтерін бөлді. eGov.kz деректері бойынша компания 2015 жылы тіркелген, оны Евгений Кравчук басқарады.

«Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС жылу энергиясын бөлумен, суды қабылдаумен, өңдеумен және бөлумен айналысады.

Елдегі су қоймалары қай деңгейде толды?

Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Су ресурстары және ирригация министрінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева айтқан.

«Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толды. 2 нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Ал Ақтөбе облысындағы 2 ірі нысанның су жинау көрсеткіші орта есеппен 95%-ды құрайды. Нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су ағынының азаюы байқалады. Шығыс Қазақстан облысындағы 5 ірі қойманың орташа су жинау көрсеткіші – 62%, олардың барлығы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда», – деді спикер.

Ал Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 59%-ға толды. Олар да штаттық режимде жұмыс істеуде.

«Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы бойынша су жинау көрсеткіші – 98%. Өңірде су тасқыны кезеңі өтті. Қостанай облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 95%-ға толды. Аймақта су тасқыны байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының 2 ірі су қоймасы 100% толды», – деді Мөлдір Әбдуалиева.

69 елдімекен көлік қатынасынан ажыратылған

Орталық коммуникациялыр қызметі алаңында ТЖМ өңірлерді ахуал жайлы баяндады. Су тасқыны басталғалы бері 96 472 адам, оның ішінде 31 640 бала құтқарылған. Тартылған әуе кемелерімен 2 823  адам, оның ішінде 865  бала эвакуацияланған. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды. 82 559 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалған.

Сондай-ақ оқыңыз