«ҚазМұнайГаз» Бодрумдағы бес жұлдызды Kempinski Hotel Barbaros Bay қонақүйін сатуға мүдделі
«ҚазМұнайГаз-Сервис» Бодрумдағы бес жұлдызды Kempinski Hotel Barbaros Bay қонақүйіне иелік ететін Aysir Turizm ve Insaat A.S компаниясының 75 пайыздық үлесін сатпақ. Мұны «Курсивке» ҚМГ баспасөз қызметі растады.
«Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясы мен «Айсирдің» миноритарлық акционерлері арасындағы сот процестері жалғасуда. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясына тиесілі Aysir Turizm ve Insaat A.S акцияларының 75 пайызын сату шаралары жүргізілуде», – деп жазылған компания таратқан хабарламада.
Бұған дейін салалық Telegram арналар «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысы туралы хабарлаған болатын. ҚМГ еншілес кәсіпорны активті биыл сатуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Kempinski Hotel Barbaros Bay 2006 жылы мамырда салынған. Сонымен бірге Aysir Turizm ve Insaat A.S негізгі акционері Йохан Йылмаз «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясына акцияларының 75 пайызын 41 миллион долларға сатқан.
2015 жылы «ҚазМұнайГаз-Сервис» алғаш рет «Aysir Turizm ve Insaat A.S» компаниясының 75 пайыздық үлесін электронды сауда алаңында 50 миллион долларға сату туралы шешім қабылдады. Алайда компанияның акцияларын сатып алғысы келетіндер болмады.
Aysir Turizm ve Insaat A.S 2013 және 2015 жылдары шығынға ұшырады. Демек аукцион шарты бойынша әлеуетті сатып алушы компанияның «ҚазМұнайГаз-Сервис» алдындағы 3 миллиард теңгеден астам қарызын өтеуі керек еді. ҚМГ қонақүйге 4 миллион долларға жуық қаржылай көмек төлегені айтылды.
Сәтсіз сауда-саттықтан кейін «ҚазМұнайГаз-Сервис» «Aysir Turizm ve Insaat A.S.» компаниясымен бірлесіп, 2016–2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілді. Мемлекеттік комиссия отырысында оның мерзімін 2021 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Алайда қонақүй әлі сатылған жоқ.
Оның үстіне, 2016 жылдан бастап, ҚМГ мәліметінше, Aysir Turizm ve Insaat A.S. миноритарлық акционерлері «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясына қонақүйді басқаруға қатысуға кедергі келтірген.