ҚМГ жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасын италиялық Tecnimont компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Осыған орай Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Maire Tecnimont S.p.A. компаниясының атқарушы директоры Алессандро Бернинимен кездесті.
Екі тарап полиэтилен өндіру жөніндегі жобаны қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ мұнай-газ химиясы саласындағы әлеуетті бағыттарды талқылаған.
«Бүгінгі таңда қуаты жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жоба – Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы ең ауқымды жоба. Осыған байланысты жобаны іске асыру – біз үшін жоғары басымдыққа ие. Біз Tecnimont компаниясын мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және басқа да салаларда жобаларды басқарумен айналысатын әрі толық инженерлік қызмет көрсететін халықаралық жетекші EPC компания ретінде танимыз»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.
Полиэтилен жобасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде Tecnimont S.p.A. компаниясы полимерлеу, альфа-олефиндер мен зауыттың жалпы шаруашылық объектілері үшін кеңейтілген базалық «EBD» жобасын әзірлеп береді.
«ҚазМұнайГаз» бен Maire Tecnimont S.p.A. арасындағы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық негізінде табысқа жетіп қана қоймай, халықаралық деңгейде энергетика саласының дамуына үлес қосатын бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылған.
Maire Tecnimont S.p.A. – машина жасау, технология және энергетика саласындағы ұйымдардан тұратын италиялық компания. Мұнай-газ, химия және мұнай-химия өнеркәсібіндегі зауыттарды жобалаумен, жасыл химия және энергетикалық өзгерісті қолдайтын технологиялармен айналысады. Компания полимер өндіретін, көмірсутектерді өңдейтін және энергия өндіретін күрделі инженерлік жобаларды жүзеге асырады.
Еске сала кетсек, Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құраған. Бұл жайлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз барысында айтылды.
Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.