Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы қалай төленеді – Үкімет арнайы алгоритм әзірледі

Жарияланды
Зардап шеккендерге
Су тасқынынан зардап шеккендерге бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде ақша төленеді / Фото: kursiv.media

Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Бекітілген алгоритмге сәйкес шығынды өтеуге тұрғындар апат басталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде өтініш білдіруі керек.

Материалдық шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

Егер жәбірленушінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар өтініш білдіре алады. Сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған болса, оның орнына заңды өкілдері өтінішпен жүгіне алады.

Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке: зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; табиғи сипаттағы ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде зардап шеккен адамның жоғалған немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.

Өтініштер мен құжаттар қабылданған соң, әкімдік зардап шегушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат береді. Сонымен қатар материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді тіркелгенін растау үшін, тіркеу журналына енгізеді.

Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Өз кезегінде әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды. Кейін жәбірленушіге бағалау туралы есеп танысуға беріледі.

Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.

Мұндай шешім шыққан соң, зардап шеккендерге күнтізбелік 30 күн ішінде төленеді.

«Мүлікті толыққанды әрі сапалы бағалау үшін сарапшылардың жұмысы су тасқыны жағдайы тұрақталып, үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен тартылғаннан кейін басталады»,- делінген Үкімет хабарламасында.

Жергілікті атқарушы органдар қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартады.

Еске сала кетсек, АШМ су тасқыны болып жатқан өңірлерде 8,1 мың бас мал қырылғанын хабарлады. Жедел деректер бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 басқа жеткен.

Министрлік су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп бекітті. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылған.

Бұл комиссия су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің мал шығындарын есептеумен айналысады. Шығын төлемін алу үшін мал иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Өйткені ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады.

Сондай-ақ оқыңыз