Үкімет басшысы қауіпті аймақтарда үйінен шықпаған тұрғындарды мәжбүрлеп болса да эвакуациялауды тапсырды

Жарияланды (жаңартылды )

primeminister.kz

БҚО-да су тасқыны салдарынан күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы тікұшақпен Жайық өзені арнасының жай-күйімен танысты. Премьер-Министр елдімекендерге келетін судың көлемін азайту мақсатында су қоймалары жүйесінде суды барынша жинақтау жөнінде тапсырма берді.

Тұрғызылған бөгеттерді қарап шыққаннан кейін Олжас Бектенов тұрғындардың өмірі мен денсаулығын және мүлкін барынша қорғау үшін жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Үкімет үшін басты міндет – Орал мен Атырауды сақтап қалу



«Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Құлсары қалаларындағы жағдай тұрақталып келеді. Петропавлда су тасқынының шарықтау шегі басталады, мұнда негізінен бау-бақша серіктестіктері су басу аймағында қалмақ. Жайық өзенінде күрделі жағдай сейілмеді. Ауқымды су көлемі Ресей Федерациясы аумағында айтарлықтай шығын келтіріп, Орал мен Атырауға қарай жылжып келеді. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7,2 метрді құрап, күн сайын артып келеді. Қауіп белгісі- 8,5 метр. Судың қауіпті деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін қорғаныс бөгеттері салынды. Қазір басты міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу. Ол үшін әкімдіктердің, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның, арнайы техникалық күштері жұмылдырылды. Еріктілер көп көмек көрсетуде.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдеріне қажет болған жағдайда су басу аймағындағы үйлерін тастап шығудан бас тартқан тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялау тапсырылды. Бұл ретте барлық бос үйлер полицияның тәулік бойы бақылауында болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы тұрғындардың сауалдары негізінде әкімдіктерге су тасқынынан келтірілген залалды өтеу алгоритмін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Су тасқынының басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Кейбір тұрғындар өтініш беру мерзіміне қатысты алаңдап отыр. Уақыт шектеулеріне қарамастан тұрғындардың өтініштерін қабылдау қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бюрократиялық әрекеттерге жол берілмеуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

13 мыңға жуық адам көшірілді

БҚО бойынша 6 елдімекенде жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды. Облыста 12970 адам эвакуацияланды, оның 5398-і – балалар, 19-ы – мүгедектер. Эвакуациялық пунктерде 1801 адам, оның ішінде 777 бала бар.

4886 үй жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Облыс бойынша барлығы 1 021 618 текше метрден  астам еріген су сорылып, 254 120 данақап төселген. Жаға бекіту жұмыстарына 1452 адам жұмылдырылған,

«Қазсушар» РМК БҚО филиталының мәліметінше, Жайық өзені 8 сағатта 4 см қосып, сағат 16:00-де 722 сантиметрге көтерілді, қауіпті деңгей – 850 сантиметр. Су тасқыны басынан бері өзен деңгейі жалпы 6 метрге көтерілді.

Кәсіпорын меншігіндегі су қоймаларының орташа толтырылуы 74% немесе 374,0 млн текше метрді құрайды

«Бүгінгі таңда Жайық өзеніндегі су деңгейі жергілікті ағынның және орта ағысында орналасқан өзендердің әсерінен көтерілді. Сәуір айының екінші жартысында Сақмар өзенің және Ирикла су қоймасынан тасталған судың есебінен көтерілуі күтілуде. Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 95,8 текше метр шығынымен су түсуде. Қазіргі таңда су қоймаларына су жиналуда, 8 сәуірден бастап  көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су беру басталды», – делінген «Қазсушар» жолдаған ақпаратта.

Сондай-ақ оқыңыз