Мемлекеттік сатып алу саласында 12,4 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алуда 12,4 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл ағымдағы жылдағы бірінші тоқсанның қорытындысы.
Брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады.
«Агенттік 2023 жылдан бастап 53,8 млрд теңге сомасына бюджет қаражаттарын тиімсіз жұмсалуының алдын-алды. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Агенттік сатып алу мониторингі барысында жалпы сомасы 12,4 млрд теңгені (2020 жылы – 22,8 млрд теңге, 2021 жылы – 46,6 млрд теңге, 2022 ж.ылы – 29 млрд теңге, 2023 жылы – 41,4 млрд теңге) асыра бағалауды анықтады», – деп хабарлады ресми өкіл.
Данияр Биғайдаровтың мәлімдеуінше, жанар-жағармай материалдары, кеңсе тауарлары, тамақ өнімдері мен үй-жайды жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алулардың бағасы асыра көрсетілген. Бағаны шамадан тыс асыра сілтеп көрсетуге әкімдік аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жол берген.
«Мысалы, Қонаев қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 4 бу қазандықтарын сатып алу бойынша конкурс өткізілген, бағасы 1,3 млрд теңгеге көтерілген. Шарт тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында 1,2 млрд теңге сомасына қайта жасалды (үнемдеу – 1,3 млрд теңге). Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Мемградкадастр» РМК пилотсыз ұшу аппаратын 110 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған, ал мұндай аппараттардың құны 4 млн теңгеден аспайды. Бағасы қайта қаралды, үнемдеу – 106 млн теңге», – деді агенттіктің ресми өкілі.
Мәселен, Ақмола облысында «А.И.Бараева атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қаңтар айында жалпы сомасы 12 млн теңгеге бірлігіне
81 мың теңгеден 150 қар жинайтын күрек сатып алуды жоспарлаған. Агенттіктің ұсынымынан кейін бір күректің құны 3200 теңгеге дейін төмендетілді.
Еске салайық бұған дейін ШҚО-да үш ауыл әкіміне мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзғаны туралы хабарлаған едік. Олардың әрқайсысына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Олардың әрқайсысы 370 мың теңге айыппұл төлейді.
«Шемонаиха ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алу туралы тікелей шарттарды заңсыз жасасу фактілерін анықтады»,– делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарлауынша қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі 3 000 АЕК-тен аспаса, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының осындай біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтерді бір көзден сатып алуға мүмкіндік береді.