Алаяқтар Қазақстандағы Netflix қолданушыларын алдаудың жаңа әдісін тапты
Қазақстандықтарға Netflix стриминг-сервисінен белгілі спам-хабарлама арқылы шабуыл жасала бастады. Сервисті пайдаланушыларға Netflix жазылымын ұзарту ұсынылады және жалған веб-сайтқа кіріп, сол жерде банк картасының мәліметтерін енгізуді сұрайды. «Касперский зертханасы» сарапшыларының мәлімдеуінше, алаяқтар мұндай спам-хабарламаларды қазақ тіліне аудара бастаған.
«Бұл хабарламалардың айырмашылығы, алаяқтар әдетте ресурстың негізгі мақсатты аудиториясына назар аудара отырып, мұндай хабарламаларды ағылшын тілінде таратады. Белгілі бір аймақ үшін локализация алғаш рет орын алуда», – делінген «Касперский зертханасы» сайтында.
Алаяқтар жалған хабарламаларды жіберуді электрондық пошта арқылы жүзеге асырады. Ондағы мақсат – жәбірленушінің банктік аккаунтары мен карталық шоттарына қол жеткізу немесе бұл ақпараттарды darknet желісінде сату.
«Бұл схема бірнеше жылдан бері бар, бірақ біз бұрын қазақ немесе басқа тілдердегі нұсқаларын кездестірмедік. Шабуылшылар үлкен тілдік модельдерін өз мақсаттары үшін көбірек пайдаланады. Соның ішінде зиянды хабарламаларды локализациялау ғана емес, сонымен қатар басқа да фейк контент құру да бар», – деп атап өтті «Касперский Зертханасының» киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Роман Деденок.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін сарапшылар келесідей ұсыныстарға кеңес береді:
- Белгісіз біреулердің электрондық хаттарына сын көзбен қарау, әсіресе, төлем жасауды немесе ақша аударуды сұраған кезде;
- Күмәнді сілтемелерді баспау;
- Жеке деректерді енгізбес бұрын сайттың түпнұсқалығын тексеру;
- Фильмдерді көру немесе жүктеп алу үшін ресми ресурстарды пайдалану.
Бұған дейін өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдауға көшкен алаяқтықтың жаңа түрі туралы жазған едік. Алаяқтар Әділет министрлігінің атын жамылып, халықты алдай бастаған.
«ҚР Әділет министрлігі алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкерлері немесе сот орындаушылары ретінде таныстырып жүргенін ескертеді. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді», – дейді Талғат Уәли.
Мұндай қоңыраулар келіп түскен жағдайда ресми деректерді тексеру керек. Ол деректерді атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасынан көруге болады. Ол қосымша арқылы атқарушылық іс жүргізудің бар немесе жоқ екеніне көз жеткізуге болады.
Сонымен қатар мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының байланыс деректерін мына gov.kz сілтемесі арқылы алуға болады. Ал екінші сілтеме арқылы Атқарушылық іс жүргізуі органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне кіріп, өзіңізге қажетті ақпаратты біле аласыз.
Алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін министрлік тек ресми дерек көздерінен алынған мәліметтерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуге шақырады.
Алаяқтық фактілер жылдан-жылға артып келеді
Осыған дейін «Курсив» «ҚазМұнайГаз» атын пайдаланып дивиденд алуды ұсынатын интернет алаяқтардың пайда болғаны туралы жазған. Осыған орай, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы мәлімдеме жасап, мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырды.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп хабарлады прокуратура.
Жалпы 2023 жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.