Жаңалықтар

Балық шаруашылығы комитетінің басшысы бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді

Лауазымды шенеунік бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді /Фото: kursiv.media

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүріп жатыр. Жоғары лауазымды шенеунік бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.

Агенттіктің ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, тергеу соты күдіктіге «электронды білезік» тағып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

«Ол 2021 жылдан бастап 2024 жылдың ақпаны аралығында компаниялар қызметіне жалпы қамқорлығы үшін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі негізде пара алу бойынша күдікті. Ол кінәсін толық мойындап, тергеуге көмектесуде. Қазіргі уақытта басқа адамдардың қатыстылығы тексеріліп жатыр, тергеу жалғасуда»,– деді агенттіктің ресми өкілі.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп тағы бір ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен лауазымды тұлғаның ұсталғанын мәлім етті. Ресми өкілдің айтуынша, ол ҚР Қарулы күштері әскери инфрақұрылымының бас басқармасының күрделі жұмыс басқармасы бастығы.

«Ол қарулы күштердің қажеттіліктері үшін модульді ғимараттарды қабылдау-тапсыру актілеріне қол қою кезінде пара берушінің мүдделерін жалпы қамқорлығы мен лоббизмі үшін қосалқы мердігер ұйымдардың өкілдерінен аса ірі мөлшерде пара бопсалау бойынша күдікті. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет  мемлекеттік сатып алуда 12,4 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтарды анықтағанын хабарлаған едік.

Брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады.

 «Агенттік 2023 жылдан бастап 53,8  млрд теңге сомасына бюджет қаражаттарын тиімсіз жұмсалуының алдын-алды. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Агенттік сатып алу мониторингі барысында жалпы сомасы 12,4 млрд теңгені (2020 жылы – 22,8 млрд теңге, 2021 жылы – 46,6 млрд теңге, 2022 жылы – 29 млрд теңге, 2023 жылы – 41,4 млрд теңге) асыра бағалауды анықтады», – деп хабарлады ресми өкіл.

Данияр Биғайдаровтың мәлімдеуінше жанар-жағармай материалдары, кеңсе тауарлары, тамақ өнімдері мен үй-жайды жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алулардың бағасы асыра көрсетілген. Бағаны шамадан тыс асыра сілтеп көрсетуге әкімдік аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жол берген.