Freedom Holding Corp. компаниясы Арал теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру жобасы аясында сексеуіл отырғызды
Freedom Holding Corp. компаниясы Арал теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру жөніндегі USAID жобасы шеңберінде Қызылорда облысындағы Аралдың құрғаған түбінде орналасқан «Достық» аллеясында сексеуіл отырғызды.
Қара сексеуіл тәлімбағының ашылуын атап өткен іс-шара Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловтың және Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетованың қатысуымен өтті.
USAID өңірлік жобасы – Арал теңізінің құрғаған түбінде жасыл жамылғы жасаудың оазистік әдісінің бірегей мысалы. Оазистік өсу нүктелері тұщы немесе аздап тұздалған су көздерінің міндетті түрде болуын көздейді, бұл осы аумақта сексеуілді ғана емес, сондай-ақ өсімдіктердің басқа түрлерін отырғызуға және жемдік шөптердің егістік жайылымдарын ұйымдастыруға, жабайы және үй жануарлары үшін суару жүйелерін құруға мүмкіндік береді.
Климаттың өзгеруі салдарын азайтуға көмектесетін өсімдіктер мен топырақтың көміртекті сіңіруін арттыру «Орман оазисін» құрудың қосымша артықшылығы болады.
2023 жылы Freedom Holding Corp. компаниясы және USAID 150 гектар жерге қара сексеуілді пилоттық отырғызу бойынша ХАҚҚ жобасын қолдады. 2024 жылы «Freedom Шапағат» арнайы қайырымдылық қоры және халықаралық донорлар арқылы қосымша 336 гектар жерге қара сексеуілді отырғызуға, сондай-ақ Аралдың экологиялық жүйесін қалпына келтірудің кешенді бағдарламасы шеңберінде 1000 гектар жайылымдарды қалпына келтіруге жәрдемдесу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ХАҚҚ және Qazaq Carbon климаттың өзгеруі мәселесін шешуге және парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайтуға көмектесетін көміртекті сертификаттау бойынша мүмкіндіктерді бағалау жөнінде жұмыстар жүргізуде. Көміртекті реттеудің бұл экономикалық тетігі компанияларды зиянды шығарындыларды өтеп, азайтуға ынталандырады және еліміздің бүкіл аумағында және көрші мемлекеттерде масштабтауға болатын көміртекті кредиттің қазақстандық моделін құруға көмектеседі. Сексеуіл отырғызуды көміртекті сертификаттау сексеуіл ормандарын кем дегенде 20 жыл бойы күтіп ұстау, сондай-ақ өсімдіктерге күтім жасау және отырғызу аумағын кеңейту үшін тұрақты кірісті қамтамасыз етеді.
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры:
«Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету Қазақстанға өтті. Біздің ел алдағы үш жылда ұйымды басқарады. Бұл біз бизнес ретінде түсінетін әрі бөлісетін үлкен миссия мен жауапкершілік. Себебі бірлескен күш-жігермен ғана осындай бірегей су қоймасының жағдайын жақсартуға қол жеткізуге болады. Бұл міндет Қорға, үкіметтік емес ұйымдарға және біз, яғни бизнес-қоғамдастыққа қатысушы барлық елдің күш-жігерін шоғырландыру кезінде ғана орындалады».
Бақыт Жаханов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
«USAID жобасы сексеуілді суару үшін ұңғыманы бұрғылауды көздейтін оазистік тәсілді Аралда тиімді іске асыруға болатындығын көрсетеді. Сондықтан бұл тәжірибені көбірек оазистер пайда болып, орман тез өсіп, жануарлар суаратын жерге келіп, құстар ұшып, биоәртүрлілік пайда болуы үшін тарату керек. 2022 жылы сексеуіл 250 мың гектар жерге, 2023 жылы 193 мың гектардан астам жерге отырғызылды. Жұмыстар, оның ішінде Freedom Holding Corp. компаниясы сияқты әлеуметтік жауапты бизнес өкілдерінің қолдауымен жалғасатын болады.»
Зәуреш Әлімбетова, Қазақстан Республикасындағы ХАҚҚ директорының орынбасары:
«Қазіргі уақытта біздің алдымызда сексеуіл отырғызудың тиімділігі міндеті тұр. Бұған тек ғылыми және инновациялық тәсілдер арқылы қол жеткізуге болады. Біз «Оазис» деп атаған USAID жобасының учаскесінде іс жүзінде сексеуілді отырғызудың прогрессивті эксперименттік әдістері іске асырылуда, олар оның өмір сүруін жақсартуға ықпал етуі тиіс: Аралдың құрғаған түбінде тәлімгер құру, тамыр жүйесі жабық сексеуіл өсіру, суару үшін ұңғыманы бұрғылау. Freedom Holding Corp. компаниясымен «Оазисті» одан әрі орнықты басқаруды қолдау бойынша жасалған келісім инновациялық тәсілдерді қолдануға, отырғызу тиімділігіне ықпал ететін болады және Аралдың экологиялық жүйесін қалпына келтіруге үлес қосатыны сөзсіз».
Freedom Holding Corp. компаниясы үшін Аралдың экологиялық жүйесін қалпына келтіру жобасы БҰҰ Жаһандық шартына қол қоюшы ретінде енгізілетін ESG-қағидаттары мен қабылданған міндеттемелерді іс жүзінде іске асыру.