Шығыс пен бюджет мүмкіндігі сай келмейді: сарапшы мемлекеттік жоспарлау жүйесін сынға алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Елдің мемлекеттік жоспарлау жүйесі сынға ұшырады. Коллаж: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары ел үкіметінің мемлекеттік жоспарлау тәсілдерін сынға алды. Үкімет мемжоспар жүйесін бір емес, үшінші рет өзгертуге тырысып жатыр. Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов үкімет шығынды қазынадағы қаржы таусылмайтындай жоспарлайтынын айтады. Министрліктер ірі жобаларға мембюджет көтере алмайтын қаржыны сұрайды.

29 наурызда «Ашық НҚА» порталында мемлекеттік жоспарлау жүйесіне өзгерістер енгізетін Үкімет қаулысының жобасы үшінші рет жарияланды. Алғашқы жоба бір жыл бұрын жарияланғанымен, мақұлданбады. Екінші жоба 2023 жылдың қазан айының соңында жарияланған, бірақ ол да қолдау таппаған. Қазіргі үшінші нұсқа – жаңа Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың тапсырмасы бойынша дайындалған.

«Өкінішке қарай, жаңа үкіметтің Қазақстан экономикасындағы стратегиялық жоспарлауға деген көзқарасы өзгермегенін және кейбір аспектілерде мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі бұрынғы жобалармен салыстырғанда одан да нашар және бұлыңғыр болып кеткенін атап өтуіміз керек», – дейді Темірханов.

Сарапшы атап өткен негізгі мәселенің бірі – мемлекеттік жоспар кез келген мемлекеттік шығын мен инвестиция жобаларды қаржыландыратын шексіз қаржы ресурсы бар сынды жазылған. Алайда қаржы шектеулі екені белгілі. Нәтижесінде ұзақ мерзімді жоспар мен бюджеттің мүмкіндігі сай келмей жатады.

«Мәселен, Қазақстан Республикасының бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ұлттық жобалардың 2021 жылы бекітілген нысаналы индикаторларын ескере отырып, оларды жүзеге асыруға 7,2 трлн теңге қаржы сұраған. Ал Қаржы министрлігі бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, бар болғаны 2,5 трлн теңгені бекітті. Бұл мысал үкіметтің ұзақ мерзімді жоспарлауы шындықтан алшақ екенін көрсетеді», – дейді Темірханов.

Сонымен қатар бұған дейінгі мемлекеттің жоспарлау мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын сыни талдап-саралау атымен жоқ. Тек қазіргі жағдайға анализ жасалған.

«Нәтижесінде үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтиже бермеген сол бір тиімсіз шараларды қайта қолданады, Өз қателігінен сабақ алмайды»,– деп есептейді Темірханов.

Одан бөлек, сарапшы мемлекеттік жоспарлау жүйесінде ұлттық холдингтер мен компаниялардың даму жоспарлары кіріп кеткенін айтады. Алайда бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қағидаттарына қайшы. Мемлекет қатысатын кәсіпорындарды басқаруға араласпай, кәсіпкерлікті дамыту үшін оларға толық дербестік беруі шарт.

«Кез келген жеке компаниядағыдай, мемлекет мемкомпаниялардың директорлар кеңесіне өз міндетін орындауға мүмкіндік беріп, олардың тәуелсіздігін құрметтеуі керек», – дейді сарапшы.

Ең бастысы, мемлекетттік жоспарлау жүйесін бекітетін жаңа құжатта тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті экономика құру мақсаты қойылмаған. Темірханов құжатта жазылған «азаматтардың әл-ауқатын жақсарту міндетін», өте түсініксіз міндет деп есептейді. Оның айтуынша, құжатта жазылған мақсатқа Ұлттық қорды түгел жұмсап, бір демде қол жеткізуге болады.

«Қазақстан Республикасының Жоғарғы аудиторлық палатасы жүргізетін мемлекеттік аудит бекітілген мемлекеттік жоспардың орындалуын бақылайтын негіз болуы керек. Алайда жаңа МБЖ жобасында мемлекеттік аудит туралы тіпті айтылмаған», – деп атап өтті сарапшы.

Сарапшы мемлекеттік жоспарлау әрбір тұрғынға қатысты екенін айтады. Сондықтан қандай жоспар қабылданды, оның қалай жүзеге асып жатқанын қоғам болып қадағалау керек. Алайда жаңа құжатта бұл да қарастырылмаған. Halyk Finance мемлекеттік жоспарлау жүйесін қоғам болып бақылап отыру үшін Парламент республикалық бюджетті ғана емес, елдің ұзақмерзімді даму жаспарын бекітіп, қадағалауы тиіс деп тұжырымдайды.

Halyk Finance сарапшылары ел экономикасы өскенімен, бюджет тапшылығын үкімет Ұлттық қор қаржысымен жауып отырғанын жазған.

Сондай-ақ оқыңыз