Рустам Қарағойшин «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы болып тағайындалды
Жалғыз акционердің шешімімен Рустам Қарағойшин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жіберілген хабарламада жазылған.
2024 жылдың ақпанында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров холдинг ұжымына Рустам Қарағойшинді жаңа басшы ретінде таныстырған болатын. Содан бері арнайы тексеруден өтіп, акционердің шешімімен Басқарма төрағасы болды.
Бұған дейін ұлттық холдингті Нұрлан Байбазаров басқарған еді. Ол 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.
Қазіргі кезде «Бәйтеректің» Басқама құрамы 5 адамнан тұрады: Рустам Қарағойшин, Нұрболат Айдапкелов, Ерсайын Хамитов, Ғалым Үсен және Вячеслав Сон.
Рустам Қарағойшин 2004 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008 жылы бизнесті басқару магистрі бағдарламасы бойынша Халықаралық бизнес академиясын аяқтады.
Еңбек жолын 2004 жылы менеджер болып бастады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіретін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-да бас менеджер, жобаларды талдау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. Кейін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның еншілесі «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ға ауысты.
Ол 2019-2021 жылдар аралығында «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдан 2024 жылға дейін жеке секторда әртүрлі қызмет істеген. 2023 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына енді.
Рустам Қарағойшин – Ushtobe Et ЖШС-нің иесі. QZQ Development, KTK Group ЖШС және Kazakh Agro Production жеке компаниясы иелерінің бірі.
Айта кетейік, оның әкесі Тимур Қарағойшин Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметін атқарған еді. Ол бұл лауазымға 2023 жылғы 7 тамызда тағайындалып, жақында зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босатылды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылған даму институты. Ұлттық холдингтің негізгі міндеттері: экономиканың шикізаттық емес секторларын, кәсіпкерлікті дамыту, шикізаттық емес өнім экспортын қолдау, АӨК-дегі қаржыландырудың қолжетімділігін, өндірісті техникалық жарақтандыру және қарқындату деңгейін арттыру, экономиканың урбандалуын қолдау. Ұлттық холдинг акцияларының 100%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы мемлекетке тиесілі.