Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайты ашылмай қалды
Қазақстанда елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайты ашылмай қалды. Сайт доменімен кіргенде бос бет шығып тұр.
Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ресми ақпаратпен, оның халыққа үндеулері жария болып тұратын nazarbayev.kz порталы елде мүлдем ашылмайтын болды.
Порталда бұрын Назарбаевтың елге үндеулері жария болатын. Мәселен інісі Болат Назарбаев қайтыс болғанда көңіл айтқан өзге ел басшылары мен қазақстандықтарға алғыс айтып, осы сайтта үндеу жариялаған.
Дегенмен қазір елде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қордың ресми сайты жұмыс істеп тұр. Мұнда соңғы рет 8 сәуірде қаржылық сауаттылыққа қатысты байқау туралы ақпарат таралған.
Айта кетейік, Назарбаевтың ресми сайты 2023 жылдың ақпан айына дейін elbasy.kz деген доменде болып, кейіннен nazarbayev.kz доменіне ауысқан.
2023 жылы қаңтар айында парламент «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
ҚР Конституциясы экс-президенттерге зейнетақы, пәтер, мемлекет меншігіндегі саяжай, жеке автокөлік, ел аумағында тегін жүру, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуге кепілдік береді. Негізгі заңда «экс-президент мемлекетке опасыздық жасау жағдайын қоспағанда, президент ретіндегі өкілеттігін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапты болмайды» делінген. Осыған қатысты құжатқа қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы президенті жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметі Тұңғыш президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.