Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды.
Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ерлан Нұрмахановтың сөзінше, «шетелдік активтерді қайтарудың белгілі бір процедураларын орындау және іс жүргізу келісімдерін жасау үшін» уақыт қажет.
«Қазіргі таңда Бас прокуратура жанындағы Активтерді елге қайтару комитеті заңсыз иемденілген активтерді елге қайтарудың жолын қарастырып жатыр. Елге қайтару жұмысына біраз уақыт керек. Шетелдегі активтерді елге қайтару үшін сол елдердің заңдарына сәйкес жұмыстар жүргізу қажет. Комитет активтердің құнын біліп, оны қадағалау керек. Сотталушының осы активтерге иелік ету кезінде олардан алған табысы есептелуі қажет. Соттан осы істерді реттеуге уақыт беруін сұраймын», – деді прокурор.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ақпаратына сүйенсек, сотта Қайрат Сатыбалдының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралуда.
Сот процеске қатысушылардың уақыт беру туралы өтінішінен кейін, мәселені шешу үшін тараптарға ақылға қонымды мерзім беруге міндетті екенін айтып, процессуалды келісімге келгенге дейін отырысты кейінге қалдырды.
Қайрат Сатыбалдыға тиесілі әр елдегі активтері
Прокурор осыған дейінгі отырыста Қайрат Сатыбалдының ақшаны жылыстату көмегімен иеленген әр елдегі қаражатына жеке-жеке тоқталған.
Қазақстан Республикасында сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жалпы сомасы – 34 млрд 863 млн 900 мың теңгені құрайды.
Ресей Федерациясындағы активтері 840 млн 572 948 рубль. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі валюта эквивалентіне сәйкес бұл сома 4 млрд 202 млн теңгеден асады.
БАӘ-дегі активтері – 162 миллион 150 мың дирхам. Теңгеге шаққанда 20 млрд 413 млн теңге көлеміндегі сома шығады.
Франциядағы активтері – 8 миллион 300 мың еуро, теңгеге шаққанда 4 млрд 150 млн теңге.
Түркия Республикасындағы активтер құны – 65 миллион 237 мың 341 түрік лирасы, теңгеге шаққанда 4 млрд 25 млн теңге көлемінде.
Жалпы алғанда Қазақстан аумағында алынған мүліктің жалпы сомасы 34 млрд 864 млн теңгеге жуық. Ал басқа мемлекеттер аумағындағы активтерінің құны 32 млрд 791 млн теңгеден асады. Прокуратура мәліметінше Қайрат Сатыбалдыұлының жылыстату арқылы қылмыстық жолмен тапқан активтерінің құны 67 млрд 655 млн теңгені құрайды.