Қазақстан Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынының бағасы өзгерген бұйрықтың жобасын жариялады.
Ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспорт тәуекелдерін азайту мақсатында автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына қатысты баға саясатына өзгерістер енді.
Бұйрық жобасына сәйкес, шетел азаматтары үшін АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге, дизель отынының бағасы литріне 315 теңгені құрайды.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, бұл елдегі бағаны реттеуге және мұнай өнімдерінің көрші елдерге ағынын тоқтату үшін жасалған қадам. Себебі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып отыр.
Айта кетейік, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын Қазақстан Республикасында тіркеу куәлігі бар азаматтар үшін баға өзгеріссіз қалады.
Осыған дейін Ресей Қазақстанға 100 000 тонна қосымша бензин қорын жасақтауды ұсынғаны туралы ақпарат жария болған. Бензинге сұраныс туындаған жағдайда көрші елге жедел жеткізу үшін осы қор көмектеседі деп есептелген. Бірақ ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов мұның фейк ақпарат екенін, Ресейден ҚР Энергетика министрлігіне бұған қатысты сұраныс жолдамағанын мәлімдеді.
Министрлік бензин қоры жеткілікті екенін хабарлады
Жуырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев егер РФ мұнай өнімдерін сатып алуды доғарса, дизель отыны 2 айға, бензин қоры 1,5 айға жететінін мәлімдеді. Былтыр елімізге 601 мың тонна АИ-95 маркалы бензин импортталған. 2022 жылғы жағдаймен салыстырғанда, импорт көлемі 101 есе артқан. Қазақстанда Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты, Маңғыстау облысындағы МАЭК қондырғыларды жөндеу үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл тоқырау ішкі нарықта бензинге сұранысты арттырды.
Былтыр Энергетика министрлігі Ресеймен 110 мың тонна мұнай өнімін экспорттау үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан-Ресей шекарасында 13 650 литр жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 103 дерегін анықтап, жолын кесті. Қазақстан-өзбек шекарасында 11 135 литр жанар-жағармайды заңсыз шекара асыруға 68 әрекет жасалынды. 3,7 млн теңге айыппұл өндірілді.