Қаржы мониторинг агенттігі Ұлытау, Ақтөбе, Алматы облыстардағы су қоймаларының жұмыстарына қатысты тергеу жүргізуді бастады.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, Ұлытау облысында ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін Жезді өзеніне ұзындығы 2 метр қазу үшін жалпы сомасы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. Алайда жобаны іске асыру кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары нақты орындалмай, жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге шығын келген. Осының салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланған.
Ақтөбе облысында «Мағаджан» бөгетін сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол 2014 жылы бөгетті балық шаруашылығын жүргізу мақсатында бөгетті сенімгерлік басқаруға алған.
Алайда бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша міндеттерін дұрыс орындамай, салдарынан 5 сәуірінде Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан «Мағаджан» су қоймасы бұзылып, Алға ауданының Бесқоспа, Қызылту және Табантал ауылынан 215 адам, оның ішінде 96 бала, сондай-ақ Ақтөбе қаласы Елек және Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланды.
Алматы облысында Ақсай өзеніне бөгет салу жұмыстарын жүргізуге қатысты «Қазселденқорғау» келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінген.
Келісімге келген компания «Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асырған. Агенттік компанияның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы, аса ірі көлемде, бюджет қаражатын жымқыруына қатысты тергеуді байтаған. Залал сомасы алдын-ала есеп бойынша 775 млн теңгеден асады.
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан Мағаджан су қоймасының жарылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасының шлюздері ашылған. Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі түнде Елек өзенінің бойында орналасқан елді мекен тұрғындрына үндеу жариялады.
«Құрметті қала тұрғындары! Хромтау ауданының аумағындағы Мағаджан су қоймасының бұзылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасына көп көлемді судың құйылуы күтіледі. Сәйкесінше Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты шлюзді ашуға мәжбүрміз. Сақтықта қорлық жоқ демекші, ол судың арнадан шығу қаупі болғандықтан, сіздерді алдын ала хабардар етіп отырмыз. Елек өзенінің бойында орналасқан және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарынан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізден шығуды сұраймын»,- деді әкім.