Азия даму банкінің жаңа есебіне сәйкес, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2024 жылы мұнай өндірісінің тұралауына байланысты төмендейді. Ал 2025 жылы өндіріс пен инвестициялардың өсуі есебінен қалпына келеді.
Банк кезекті шолуын жариялады
Оған сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 2024 жылы 3,8% деңгейінде болмақ.
«Келесі жылы Теңіз кен орнында мұнай өндірісінің артуына қарай өсім 5,3%-ға дейін өседі деп болжанып отыр», – деп жазылған есепте.
Болжамды нашарлатуға себептердің қатарына Ресейдің Украинаға басып кіруінің теріс салдары, сауда серіктестерінің экономикаларының баяу өсуі және мұнай экспорттау бағытында болуы мүмкін іркілістер кіреді.
«Орта мерзімді болашақта Қазақстанның экономикалық өсу болашағының көрінісі оң. Алайда экономиканың шикізат тауарларына тәуелділігіне байланысты мұндай өсім тұрақсыз болады. Сондықтан елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық реформалар маңызды», – деді АДБ-ның Қазақстандағы ел бойынша операцияларының басшысы Искандар Гуламов.
2024 жылы инфляция біртіндеп 8,7%-ға дейін төмендейді
Салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты мен айырбас бағамының тұрақтылығын сақтау аясында инфляция біртіндеп 2024 жылы 8,7%-ға дейін және 2025 жылы 6,3%-ға дейін баяулайды, деп болжанып отыр. Үкімет жариялаған коммуналдық қызмет бағаларының қымбаттауына байланысты 2024 жылы 9,8% және 2025 жылы 8,1% болжамды өсіммен инфляцияның негізгі қозғаушы күші қызмет көрсету бағалары болады деп күтілуде.
«Қаржы ұйымы қызмет көрсету саласының өсімі 2024 жылы 4,7%-ға дейін баяулап, 2025 жылы сауда, көлік мен қонақ үй бизнесі салаларының ықпалымен 4,9%-ға жетеді, деп болжайды. Өнеркәсіп өсімі 2024 жылы 3,5%-ға дейін баяулап, 2025 жылы 5,7%-ға дейін қалпына келеді деген болжам бар», – деп жазылған шолуда.
Қаржы ұйымы ұсыныстарымен бөлісті
Есепте 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін кеңінен таралған Қазақстандағы қаржыландыруды мемлекеттің субсидиялауынан туындаған несие нарығындағы олқылықтарды жою қажеттігі атап өтіледі.
«Бұл ақша-несие саясатын әлсіретеді», – деп жазды қаржы ұйымы.
Банк осы мәселені шешуге жәрдемдесетін практикалық шаралар ұсынып отыр. Олардың қатарына мемлекеттік субсидия бойынша несиелеу бағдарламаларынан кезең-кезеңімен бас тарту стратегияларын қабылдау бар. Сонымен қатар бұл бағдарламалардың уақыт шектері мен табыстылық критерийлері туралы міндетті ережелерді енгізу кіреді.
Еске сала кетсек, Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Сол уақыттан бері Банк үкімет пен жеке секторға қарыз беру, гранттар және техникалық көмек түрінде 7 миллиард АҚШ долларын бөлді. Қаржы ұйымы 1966 жылы құрылған. Оның акционерлері – 68 ел, оның ішінде 49 ел аймақта орналасқан.
Былтыр Азия даму банкі (АДБ) Азия-Тынық мұхиты аймағындағы дамушы елдердің экономикалық өсу болжамын 4,8%-дан 4,7%-ға дейін төмендетті. Банк сәйкес, 2024 жылы ЖІӨ өсімінің болжамы 4,8% деңгейінде қалды.