2023 жылы 26,8 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алса, 16 мың қазақстандық, керісінше, азаматтықтан бас тартқан. Бұл жайлы Сенат отырысында көші-қон туралы заңды талқылау барысында айтылды.
«Статистикалық мәліметтерге сенсек, 2023 жылы елге келгендер саны 25,3 мың, кеткендер саны 16 мың. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 46,8%-ға артқан», – деді депутат Советбек Медебаев.
Қазақстан азаматтығына 26,8 мыңнан астам адам қабылданған. Оның ішінде қандастардың саны 20,5 мыңнан асқан. Қандастардың әр елден келген үлесі мынадай:
- Өзбекстаннан 13 244 адам келген, келгендердің 64%-ы.
- Қытай Халық Республикасынан 2 768 адам, 13,5%;
- Түркіменстаннан – 1 778 адам;
- Ресейден – 1 313 адам;
- Моңғолиядан – 802 адам келген.
Жалпы 32 жыл ішінде Қазақстанға 1 млн 128 мың этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. Бұл ел халқының 5,6%-ын құрайды.
Ал 2023 жылы елден кеткендердің нақты саны – 16 028. Бұл көрсеткіш 2021-2022 жылдармен салыстырғанда шамалы азайған. Сәйкесінше, елден 2021 жылы – 17 179, 2022 жылы – 18 568 адам кеткен.
ҚР Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша 2023 жылы уақытша тұруға 584 588 – шетел азаматына рұқсат берілген, елге кіру үшін 55 091 шақыру ресімделсе, 56 427 виза берілген.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша елдегі мигранттар құзыретті органдардың жіті бақылауында.
«ІІМ қазір бақылау тетіктерін цифрландырды. Біздің бақылау жүйеміз ҰҚК жүйесімен интеграцияланған. Одан бөлек елдің миграциялық қызметінің жүйесі ТМД елдерінің миграциялық қызмет жүйесімен интеграцияланған. Соңғы кезде біз шетелдегі әріптестерімізбен интеграциялық байланысымызды жетілдіру бағытында бірталай жұмыстар атқардық. Бүгінгі таңда ел ішіндегі азаматтарды бақылауды күшейтететін жүйені енгізіп жатырмыз. Ол елдегі мигранттардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді»,- деді Лепеха.
Заң аясында қандай мәселелер қаралды?
Сенатор Советбек Медебаевтың айтуынша, заң – халықтың көші-қон және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы реттеуді көздейді. Сонымен бірге бұл құжат халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Заңда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу нормасы қарастырылған. Сонымен бірге заң аясында экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынбақ.
«Заң көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындауды көздейді. Мәселен, аумақтық ішкі істер органдары жүзеге асыратын шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды, жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі», – дейді депутат.
Сонымен бірге заңда төтенше жағдайда мерзімі өткен құжаттарды ұзарту мәселесі қарастырылған. Яғни құжаттарды ауыстыру мүмкіндігі болмаған азаматтарға төтенше жағдайда мерзімі өткен құжаттарды пайдалануға рұқсат беріледі.
Қандастарға қандай жағдай жасалады?
Сонымен бірге қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттік беріледі.
Өкілеттік негізінде жергілікті атқарушы орган тарапынан арнайы комиссия құрылып, қандастардың ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарайды.
Солайша ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізіледі. Қандастарды қабылдаудың аумақтық квотасына қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балаларын да енгізу мүмкіндігі көзделеді.
Сонымен бірге заң шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған қоныстанушыларға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілмек.
«Егер қоныс аударушы осы өңірлерден тұрақты тұрғылықты жерін бастапқы 5 жыл мерзімі ішінде ауыстыратын болса, онда жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Сонымен бірге қоныстану өңірлерінде 5 жылдан астам уақыт тұратын қоныс аударушыларға жаңа мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану шартын жасауға құқық беріледі», – дейді Медебаев.
Бұл заңды Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.